«Ла Скала» сахнасында ән шырқаған тұңғыш қазақ

Біз тамаша әншінің тағдырлы өмірі мен саф алтындай өнері жайлы әңгіме төркінін ол кісінің балалық шағынан бастасақ деймін. Ол Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты «Жайылма» аулының түлегі. Әкесі Нақып жылқы бағып жайлауға шыққанда Амангелді жылқыларды жайып жіберіп кең далада шырқата ән салады екен. Болашақ әншінің алғаш әнге деген құштарлығы байтақ даламыздағы сұлу табиғат аясында оянса керек.
Балаң әнші мектеп қабырғасында жүргенде аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, әлденеше жүлделі орынға ие болған. Бірде әділқазылар алқасының ішінде отырған мәдени - ағарту училищесінің директоры Шора Теміров концерттен кейін Амангелдіні шақырып алып, оның оқуын әрі қарай жалғастыруын, әншілік жолға түсу керектігін баса айтып қалаға алып кетеді. Сөйтіп Амангелді қамқор ұстаздың арқасында училищенің режиссер дайындайтын бөліміне түсіп ойдағыдай бітіріп шығады. Өнер қуып Алматыға келгенде тағы да бір үлкен байқаудан өтеді. Әділқазылар алқасы «дауысың жақсы екен, әншілік оқуға түс» деп қолқа салғанмен Амангелді оқуды Мәскеуде жалғастырғанды жөн көріп алыс сапарға аттанады. Бала арманы орындалып, Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның емтиханынан өткенде сол оқу орнының ректоры Александр Свешников жас дарынның өнеріне қайран қалады. Амангелді алты жүз талапкердің ішінен топты жарып әншілер факультетіне оқуға түседі. Сол жолы орындаған Мұхиттың «Айнамкөз», Сегізсерінің «Қарғаш» әндері жас әншінің бағын ашады.Танымайтын елде тіл біліп, музыкалық сауат ашу алғашында қиынға соққанымен тумысынан зерек Амангелді аз уақытта қатарға қосылып, ғажайып өнер жолының сырына қаныға бастайды. Қазақ өнері мен әдебиетіне өзіндік үлес қосып, жүрегінде жалын, бойында өнері бар жастарға қамқор болған сол кездегі Мәдениет министрі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың қамқорлығын ерекше атап өту абзал. Ол кісі Амангелдіге екінші курстан бастап дербес стипендия тағайындап, тыныс-тіршілігіне дем берген қамқор ағаларының бірі. Амангелді Сембин Мәскеу консерваториясының бесінші курсында оқып жүрген кезінде ұстазы Василий Федорович Карин «Үлкен театрда» Ла Скалаға тыңдау жүріп жатыр, соған сенің қатысуың керек» деп өзі жетелеп жас әншінің дауысын шетелдік қонақтарға тыңдатқан.
Амангелді оқу орнын бітіріп Алматыға оралғанда Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының ұжымы жас әншіні құшақ жая қарсы алды. Сол кездегі режиссер Байғали Досымжанов қойған Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Төлегеннің партиясын Амангелді Сембин, Жібектің ролін Бибігүл Төлегенова ойнаған. Сөйтіп жүргенде Мәскеудегі Мәдениет министрі Пётр Ни́лович Демичевтен хат келіп, үлкен театрға әншілік етуге шақырады және Италияға да оқуын жалғастыру жайлы шақыратынын хабарлайды. Ол Италияның Милан қаласындағы әлемге әйгілі опера әртістерін дайындайтын «Ла Скала» театрының өнер мектебінде оқиды.
1959 жылдан бастап «Ла Скала» мен Мәскеудегі үлкен театр арасында қарым-қатынас орнаған кезең болатын. Кеңестер Одағының белгілі әншілері Елена Образцова, Мария Биешу, Мүсілім Магомаев сынды атақты әншілер дәріс алған мектепте Амангелді Сембин екі жыл білім алды. Ұстазы Елизавета Корозио өз кезінде Италияның небір атақты әншілерімен бірге өнер көрсеткен дарын иесі еді. Амангелді Италия сахнасында итальян, француз, неміс, орыс классиктерінің ариялары мен романстарын, Петр Чайковский, Сергей Рахманин, Франц Шуберт, Иоганн Штраус,Иоганн Себастьян Бах, Георг Гендель және Вольфганг Амадей Моцарттың шығармаларын орындау барысында шеберлігімен ерекшеленген өнер иесі еді.
Белгілі жазушы Берік Шаханов әнші жайлы жазған бір мақаласында "1971 жылы қазііргі Республика сарайында Амангелді Сембин Пуччинидің «Богема» операсынан Рудольфтың ариясын шырқады. Әншінің тыныс кеңдігі, дауыс құнарлығы орындау шеберлігінен айқын байқалады. Үннің еркіндігі, көмейдегі күміс қоңыраудың тазалығы, жүректегі сезім пернесінің құлақ күйі қалтқысыз келіп тұрғаны тыңдаушыны қуанышқа бөледі. Биязылығы мол балауса жүзінде ұстамдылық, сабырлылық, байсалдылық анық байқалды» деген болатын.
Амангелді Германиядағы Дрезден қаласында өткен неміс жастарының фестивалінде симфониялық оркестрмен тағы да Рудольфтің ариясын орындаған. Сонымен қатар Абай өлеңіне жазылған Сыдық Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін тебірене орындаған. Сол сапардан соң Түрікменнің халық әртісі Мая Шахбердиева хат жазыпты. Онда: «Амангелді, сенің әнің Орта Азияны бүкіл әлемге таныта алды. Мен сол үшін жер-көкке сыймай ерекше қуанамын» делінген.
Амангелді Сембиннің өнері жайлы Ресейдің халық әртісі Мария Петровна Максакова: «Сенің даусыңды естіп отырғанда қазақ даласының кеңдігі көз алдыма келеді» деген екен. Шындығында да әншінің тамаша тембрінің құлақ құрышын қандырып, жүрекке жол тапқаны оның орындау шеберлігінде айқын байқалады.
Әнші өнерін Димаш Ахметұлы Қонаев, Әди Шәріпов, Бәйкен Әшімов, Ғабит Мүсірепов және Михаил Есеналиев сынды ел ағалары қатты бағалаған. Тіпті әнін тыңдау үшін Мәскеуде оқып жүрген жігітті әлденеше рет орталарына шақырып, дарынына тәнті болған кездері де бар.
Кезінде Ұлы Абайдың туғанына 125 жыл толған мерейтойында белгілі жазушы Тахауи Ахтанов Амангелді Сембиннің өнеріне әділ баға берген: «Көрерменді ерекше сүйсіндіріп, құлшынта қол соқтырған жас әнші жайлы айтпай кетуге болмас. Консерваторияны биыл бітірген тенор дауысты Амангелдінің үні бәрімізді бей-жай қалдырған жоқ. Қазақ даласына келешегінен үміт күтетін жас әнші келіп қосылғанына қуаныштымын» деп өз ризашылығын білдірген. Ал Атырауға барған сапарында сол жердегі сол жердегі театрдың режиссеры Жамбылбек Есенбеков: «Төлеген партиясын орындаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің образға лайық тенор дауысы бізді бірден баурап алды. Осы сезім «Қыз-Жібек» операсы біткенше бірде-бір бәсеңдемей, дарынды әртістің табиғатына табынғандай әсерде болдық», депті.
Әрине, дүниені дүр сілкіндірген, өнер көгінде жарқыраған бір жұлдыздың көмескі тартуы біз үшін жұмбақ дүние. Әйтсе де осы сұраққа жауап іздеп Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевқа жолыққанымызда ол кісі көзі тірісінде өз ойын былайша жалғастырған: «Мәскеуде оқыған. Бізге келіп қызмет етті. Операда жүріп бірқатар рольдерді ойнады. Ол жалпы ағымға сыймай кетті. Өнердің қиындығына шыдап, көндігіп кету оңай емес. Жас әнші операдағы бір адамдармен сыйыспады, оған роль бермеді деген сөз бар. Мен «бұл жігіттің дауысы жақсы, көпке барар» -деп үміт артып едім, өкінішке орай олай болмай шықты... Өнерді сүйгендік болар, біз өнердің қиындығына төзіп алысқа кеттік, ол болса алған бағытынан адасып қалды, әлдебір себеппен»,-деп сөзінің аяғын жұтып қалған еді.
Оның өнері жайлы жерлес інісі, журналист Қали Сәрсенбай; «Амангелді Сембин Мәскеу консерваториясын, кейін Ла-Скалада сахна тәжірибесінен өтті. "Ла Скала" әркімнің маңдайына бітпейтін операның отаны. Театр бірден-бір опералық әншілерді дайындайды. Дүниежүзіне танитын орын болды ғой. Милан қаласында Амангелдінің бағы жанып "Ла Скала" мектебіне өтті. Бір әңгімесінде айтатын, «мен Италияда жүргенде көп ән салдыра бермейтін, мен де ақша тапқым келеді, дауыс ерекшелігіне қарай қорғап жүрген түрлері екен ғой» деп. Шын мәнінде Амангелді Сембин үлкен әнші болды ғой, орны бөлек жан еді. "Дарын деген тағдыр" деген сөз ғой. Әр жүйріктің маңдайына қандай тағдыр жазатыны, бір алланың қолында. Амангелдінің өмірі сұлу әндей болып өткен. Қазақта осындай тамаша әнші болды. Өмірінің соңғы кезінде ол кісі Өнер академиясында қызмет етті. Қаншама дарынды жастарды тәрбиеледі. Амангелдінің мектебін ашу керек, ол мектепті сақтау керек. Кейінгі жылдар бірнеше кітаптар жазды. Керек болса өнер академиясында ғылыми конференция өткізу керек. Сонда ғана Амангелді Сембин деген әншінің болғаны жөнінде, сол салада жүрген жастар да мағлұмат болады деген ойдамын».
Амангелді Сембин 1980 жылдан Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясында) ұстаздық етті. 1991 жылы доцент атанды. Академияда ұстаздық етіп жүрген кезінде Қытайдан келген Тоқан Смағұлұлы мен Құрманбек Әлімғазұлыны өнер жолына баулып, өзі ғана білетін әншілік құпияны шәкірттеріне үйрете білді. Осы жайлы Амангелді Сембиннің соңғы шәкірті Самат Қордабаевтың ойын білсек;
Самат: Ол кісі балаға сабақ үйреткенде жан-тәнімен беріліп үйрететін. Жақсы бір қасиеті болатын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын. Мен ол кісіде бірінші курста оқыдым, екі жыл білім алдым. Мақтанып айта алам, ол кісі нағыз қазақ өнерінің қаймағы еді ғой. Ұстазымның сабақ беру тәсілі де ерекше еді. Түсіндіріп тұрғанда сабақты миыңа құйып беретін. Европалық үлгідегі нағыз дарынды әнші еді».
Амангелдінің аяулы жары Сайраш Сембина әнші жайлы жазылған газет-журналдарды көздің қарашығындай сақтай білген жан. Ол кісі жары жайлы сөз бастарда қобалжып кетті.
Сайраш: «Өзі туралы кітап шығарам ба деп жүрген ойы бар еді, оны бастады, бірақ бітіре алмай кетті. Мысалы, өз аулына барып концерт берсем деп армандайтын. Кейде пианиноға отырып ұзақ дайындалатын. Алланың жазмышы шығар, дегеніне жете алмай көз жұмды».
"Ла Скала"-да ән шырқаған тұңғыш қазақ Амангелді Сембин 1971 - 1973 және 1975 - 1980 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-әнші болды. Амангелді Сембин опера сахнасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Біржан, Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызында» - Адақ, Еркеғали Рахмадиевтың «Қамар сұлуында» Ахмет, Ш.Гуноның «Фаусындағы» Фауст, Джузеппе Вердидің «Травиаттосындағы» «Альфрет» және тағы да басқа рольдерде шебер ойнайтын. Сондай-ақ Евгений Брусиловскийдің "Қыз Жібегінде" Төлеген, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абайында" Айдар, П.И. Чайковскийдің "Евгений Онегинінде" Ленский, Дж.Пуччинидің "ЧиоЧио-Санында" Пинкертон, Шарль Франсуа́ Гуноның «Фауст» операсында Фауст, Джузеппе Вердидің "Травиатасы" мен "Риголеттосында" Адьфред, Герцог, Моцарттың "Дон Жуанында" Дон Оттавио, т.б. партияларды орындады. Оның концерттік репертуарында халық және халық композиторларының "Айнамкөз", "Ақбақай", "Балқурай", "Бурылтай", "Қарғаш", "Шәпибай-ау» әндері бар. Сондай-ақ ән сапарымен Германия, Чехославакия, Франция жерлерінде өнер көрсетті.
Ол - "Саз сөздігі" (итальянша-қазақша музыкалық терминдердің сөздігі, 1994), "Ән бағдарламасы" (1994) және "Ән әліппесі" (2001) атты әдістемелік оқу құралдарының авторы. 1972 жылы Бішкек қаласында өткен төртінші Қазақстан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанды.
Әнші өмірінің соңғы кезінде опера театрының басшылығының әділетсіздігінен киелі сахнаны тастап кеткеніне қатты өкінетін еді. Тағдырдың сынағынан өтіп, өнер жолында кездескен қиындықты қажырлылықпен жеңе білгенде өзі діттеген өнер шыңына шығып, көп бейнеттің зейнетін көрер еді. Өнер адамы үшін орындалмай қалған арман жан-жүйкені жегідей жеп өкінтетіні сөзсіз. Жұлдыздай жарқырап әлемдік деңгейдегі ән биігіне көтерілген шағында аспанын бұлт торлаған нәзік жанды әнші тағдырына не дерсіз?!..
Өмір көші ілгерілеген сайын құлақ құрышын қандырар әсем әнімен тыңдаушысының мәңгілік жадында қалған Амангелді Сембиннің жұлдызы мақпал түндегі айлы аспан көгінде жарқырай беретіні сөзсіз. Аты аңызға айналған "Ла Скала" сахнасында қазақ өнерін танытқан біртуар дарын иесі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембин өнер көгінде қанатын еркін жайып, самғай алмады. Дегенмен, артында сахнаға жарқырап шыққан бейнесін есте сақтар көрермені, ата жолын жалғастырар ұрпағы қалды.
Келер жылы туғанына 70 жыл толғалы отырған біртуар дарын иесі Амангелді Сембин жайлы әлі де айтылар ойлар жалғасын табады деген сенімдемін.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаева.