Labubu айналасындағы сыннан кейін иесі 4 млрд доллар жоғалтты

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы екі күн ішінде трендке айналған Labubu ойыншықтарын шығаратын қытайлық Pop Mart компаниясының акциялары шамамен 9%-ға төмендеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Лабубу ойыншығы
Фото: Азертадж

Бұл компанияның нарықтық құнының 30,89 млрд гонконг долларына (шамамен 3,93 млрд АҚШ доллары) азаюына алып келді. Бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды.

Шетелдік БАҚ мәліметінше, акциялардың құлдырауына Қытай Коммунистік партиясының People’s Daily («Жэньминь жибао») газетінде жарияланған сын себеп болған. Онда Pop Mart компаниясының бизнес-моделі сынға алынып, атақты ойыншықтардың тәуелділік тудыруы мүмкін екені ескертілді.

Pop Mart-тың «соқыр қорапшаларында» (яғни ішіндегі ойыншық көрінбейтін қораптарда) нақты қандай ойыншық бар екенін сатып алушы алдын ала білмейді. Коллекционерлер ең сирек үлгілерді иелену үшін бір қораппен шектелмей, қайта-қайта сатып алуға бейімделеді. Алайда сирек әрі құнды ойыншықты табу мүмкіндігі 2%-дан төмен.

— Бұл тауарлар — қайта сатып алуды ынталандыру үшін күтпеген «сыйақыларды» пайдаланатын «бизнес-қыспақтар», — деп жазады People’s Daily заңгерлер мен сарапшылардың пікіріне сүйене отырып.

Газет жасөспірімдер мен балалар мұндай жүйеге әлдеқайда осал екенін атап өткен. Себебі оларда психологиялық жетілмегендік пен өзін-өзі бақылау дағдысы толық қалыптаспайды. Сондықтан мұндай тәжірибені қатаң реттеу қажет дейді. Айта кетейік, Қытайда 2023 жылы 8 жасқа дейінгі балаларға «соқыр қораптарды» сату заңмен тыйым салынған болатын.

South China Morning Post басылымы People’s Daily газетінің 3 миллионға жуық таралымы бар мақаласы Қытай билігінің ресми ұстанымын көрсететінін атап өтті.

Labubu — «монстр» бейнесіндегі, тісі ақсиған күлкісімен ерекшеленетін ойыншық. Олар 2025 жылдың көктемінде TikTok-тағы басты трендке айналды.

Бұған дейін Петропавлда жасөспірім ойыншық винтовкамен көшеде жүргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар