Labubu-ге қатысты дүрбелең: Ұлыбритания дүкендерінде сатылым маусымға дейін тоқтады
ЛОНДОН. KAZINFORM — Қытайлық Pop Mart ойыншық өндірушісі Ұлыбританиядағы дүкендерінде Labubu деп аталатын танымал жұмсақ ойыншықтардың сатылымын уақытша тоқтатты, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл шешім дүкендегі тұтынушылар арасындағы төбелес пен таластан кейін қабылданған.
Labubu — Гонконг суретшісі Касинг Лунг жасаған, қоян-монстрға ұқсайтын ерекше пішінді жұмсақ ойыншықтар сериясы. Олар «соқыр қорап» форматында сатылады — яғни, сатып алушы ішіндегі нақты ойыншық қандай болатынын алдын ала білмейді. Бұл тәсіл және шектеулі тираж коллекционерлер мен жанкүйерлер арасында сұранысты арттырып отыр.
2022 жылы Лондонда Pop Mart-тың алғашқы еуропалық дүкені ашылғалы бері Ұлыбританияда Labubu-ға деген қызығушылық күрт артты. Бұған әлеуметтік желілердегі жарнама айтарлықтай әсер етті: ойыншықтар Рианна, Дуа Липа сияқты танымал жұлдыздар мен блогерлер арқылы кеңінен насихатталды.
Дүкендердің алдында адамдар таңнан немесе тіпті түннен бастап жиналатын болған. Кейбір жағдайларда бұл жағдай бақылаудан шығып, итеріс-талас пен жанжалдарға ұласқан.
Мысалы, өткен аптада Daily Mail басылымы осындай кезектердің бірінде сатып алушылар арасында жаппай төбелес болғанын жазды. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде таралып, бірнеше адамның бір-біріне қол жұмсап, күзетшілердің жағдайды реттеуге тырысқанын көрсетті.
Осы оқиғаларға байланысты Pop Mart Instagram парақшасында Ұлыбританиядағы барлық 16 дүкенінде Labubu сатылымының маусым айына дейін уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Компания мұны қауіпсіздік мәселелерінің алдын алу шарасы деп түсіндірді.
— Бұл жағдай Labubu мен Монстрларға деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтың деңгейін көрсеткенімен, біз үшін бастысы — барлық клиенттер мен қызметкерлер үшін қауіпсіз, әділ әрі жайлы сауда жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету, — делінген ресми мәлімдемеде.
Сонымен қатар Pop Mart онлайн сатылымның жалғаса беретінін, ал болашақта сатып алу үдерісін әділ әрі ұйымдасқан жүйесін әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Компания ойыншықтың келесі партиясы туралы ақпаратты өздерінің ресми арналарынан қадағалауды сұрады.
Айта кетейік, TikTok желісінде #Labubu хэштегі 1,4 миллионнан астам, ал Instagram-да 925 мыңнан астам жазба жинаған.
Бұған дейін хабарланғандай, Lego өңделген пластиктен ойыншық жасау жоспарынан бас тартты.