Лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат тарату оқиғасы азайды -ІІМ

«Соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде лаңкестік әрекет туралы жалған ақпараттар тарату қылмысы айтарлықтай азайды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл бағытта жеткілікті тәжірибе жинақтаған, сондай-ақ осындай қылмыстарды дер кезінде ашуға мүмкіндік беретін жаңа техникалық құралдармен жабдықталған», - деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, мұндай қылмыстар негізінен бұзақылық немесе пайдакүнемдіктің салдарынан орын алады.
«Жалған ақпарат таратқандарға заң бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қауіп-қатерлер туралы жалған ақпарат қалыпты өмір ырғағын бұзып, төтенше жағдай тудырады. Құқық қорғау органдары хабарламаны тексеру үшін арнайы күш-құралдарын жұмылдыратынын айтып өткен жөн. Ал бұл өз кезегінде оларды негізгі қызметтерінен алаңдатады. Сол себептен аталған қылмыс түріне қатаң жаза қарастырылған», - дейді А.Садубаев.
ҚР ІІМ ресми өкілінің дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда телефон лаңкестігіне байланысты 258 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.