Лаңкестік геосаяси мақсат-міндетті шешуді меңзейтін іске қосылған бағдарлама ма?

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін тұңғыш рет Астанада журналистердің, саясаткерлердің, қоғамдық пікір көшбасшыларының және бүкіл әлемнің медиа-сарапшыларының жыл сайынғы кездесуі - Х Еуразиялық медиа форумы өз жұмысын бастады.
None
None

 Тұңғыш рет деп айтатынымыз - осыған дейін бұл алқалы жиын 9 мәрте Алматыда өткен болатын. Форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы және жоба авторы Дариға Назарбаеваның сөзіне сенсек, енді бұдан былай форум тұрақты түрде елордада өткізілмек. Әлемнің 40-қа жуық елінен келген 450-ден астам делегат жиынның алғашқы күні негізінен әлемдегі басты оқиғалар мен олардың әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары айнасындағы бейнесі турасында әңгіме етті. Атап айтқанда, ондағы талқыдан өткен мәселелер көбінесе лаңкестік қауіп-қатері, аты-шулы «араб көктемі», Иранның ядролық бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қару арсеналынан бас тартуы тұрғысында көтерілді. Мәселен, форум барысында лаңкестікке байланысты ресейлік және батыс елдері сарапшыларының арасында өзара  тартысты қызу пікіралмасулар жүріп жатты. Тараптар бұл қатерлі құбылысқа өзіндік түсінік беруге тырысып, кейде бір-бірінің ойларымен келіспейтінін ашық айтып, өз ұстанымдарын ортаға салды.

Мысалы, «Мұра» қоры (АҚШ) жанындағы Ресей, Еуразия және халықаралық энергетикалық саясат мәселелері бағдарламасының жетекшісі Ариэль Коуэн уақыт өте келе Орталық Азияда лаңкестік қауіп-қатері артуы мүмкін деп өңірдегі ахуалды осылай түсіндіруге тырысып бақты. «АҚШ Ауғанстаннан кетіп жатыр. Неге? Барлық үрдістерге сүйенетін болсақ, Ауғанстанның қазіргі үкіметі «Талибанның» тегеурінімен күресе алмайды. Ендеше, бұл Орталық Азия бағытына қарай таралуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл бағыттар осы өңірдегі бұрынғы кеңестік елдерді тұрақсыздандыруда», - деп экстремистермен күресте өз елінің үкіметінің мерейінің үстемдігін астарлағысы келгендей болды. А. Коуэннің айтуынша, «Талибан», «Хизб ут-тахрир», Түркістан ислам қозғалысы секілді бағыттар Орталық Азияны тұрақсыздандыруда. «Бұл жүйелік қатерлер. Өкінішке қарай менің үкіметім, яғни АҚШ үкіметі Таяу Шығыстан кетіп жатыр»,-деп тағы қосты. Оның пікірінше, АҚШ үкіметі өңірден кету арқылы қателікке бой алдыруда. Себебі осы арқылы бұл аймақта  экстремизм арта түсуі мүмкін.

Осындай мәлімдемелерден кейін ресейлік сарапшылар үндемей тұрмады. Ресейдің Лаңкестік қатерлер мен қақтығыстарды талдау орталығының директоры Рамиль Латыпов лаңкестік үлкен геосаясаттағы тетік қана екенін атап өтті. «Көптеген жылдар бойына өзінше түрлі мағынада түсіндіріліп жүрген құбылыс бүгінде адамзатқа қарсы қылмыс деп аталуда. Сонымен қатар ол қандай да бір геосаяси мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде пайдаланылуда. Меніңше, лаңкестік ол міндетті түрде біреуге қажет және орталықтандырылып басқарылады», - деді ол. Оның пайымдауынша, лаңкестік жақсы құрылымдалған және жақсы қаржыландырылады. Сондықтан да мәселенің мәнісі белгілі бір геосаяси мақсат-міндетті шешуді меңзейтін қандай да бір іске қосылған бағдарламаға қатысты көрінеді.

Бұған қоса, Ресейдің Ислам комитетінің төрғасы Гейдар Джемаль кейбіреулердің қантөгіс қақтығыстар арқылы барлық пиғылдарын мұсылмандардың өз қолымен шешу енді жүзеге аспайтынын сенімді айтқандай болды. Оның пайымдауынша, Батыстың шейіттер мен сүнниттер арасындағы қантөгісті көру арманы бар. Олардың пиғылдарымен барлық проблемаларды мұсылмандардың өз қолымен шешуге жол берілмейді. «Себебі, шын мәнінде жанжал Иран мен Парсы шығанағы елдері арасында емес, бұл келіспеушіліктер Иран мен Парсы шығанағы елдерінің монархиясы арасындағы дауға байланысты», - деді Г. Джемаль. Осындай қақтығыстарды тудыруға талпынғандар қомақты қаржы салғанымен, алайда олардың бұл пиғылдары іске аспады, яғни шейіттер мен сүнниттер арасындағы соғысқа жол берілген жоқ. «Иракта АҚШ  басқыншылығы кезінде де мазхаб араларындағы жанжалды тудыруға жағдай жасалғанымен, ол да жүзеге аспады және бұндай қақтығыстар болмайды да. Себебі, бүгінде адамдар бейбіт өмір сүру шейіттер мен сүнниттердің бірлігінде екенін жақсы түсініп отыр», - деп түйді ол.

Форумда көтерілген тағы бір маңызды мәселе - ядролық қарусыздануға қатысты. Бұл тақырыпты сарапшылар ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның бастамалары төңірегінен бастады. Ұлыбританияның «Еуразия үйі» халықаралық орталығының президенті Армен Саркисянның пайымдауынша, Қазақстанның ядролық саясатта көшбасшы болуға құқы бар. «Қазақстанда ядролық база мен ядролық қаруы бола тұра, алайда мемлекет одан өз еркімен бас тартты. Осы орайда Қазақстанның бұл бастамасы өте маңызды деп санаймын. Сондықтан бұл елдің осы бағыттағы қадамдары айтарлықтай кең ауқымда қолдауға ие болуда», - деді ол. Қазақстанды үлгі ретінде атап өту өте маңызды деп тоқталған орталық басшысы, «Қазақстан ядролық әскери қуатынан бас тартқан ел екені мәлім. Атап айтқанда, осы ел табиғи ресурстарға бай.  Қазақстан әскери емес ядролық держава ретінде дамуды қарастырды. Осы үдерістің нәтижесінде бұл мемлекет әлемде ірі уран өндірушілердің біріне айналды... Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның ядролық саясатта көшбасшы болуға құқы бар», - деді. Сонымен қатар, А. Саркисян Президент Н. Назарбаевтың  Ядролық отын банкін құру ұсынысының ерекше бастамалардың бірі екенін айтып өтті.

Осыдан кейін, сарапшылардың назары Ирандағы ахуалға ойысты. Бұл тақырыпты талқылаған кезде негізінен Иран Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст сөз тізгінін ұстауға тырысып, өз елін барынша жағымды жағынан көрсетуге тырысып бақты. Мәселен, ол Иранның ядролық бағдарламасы тұрғысындағы теріс көзқарас халықаралық пікір емес қадап айтты. Иран осыған дейін ешқандай заңнамалар мен ережелерді бұзбағандығын айтқан ол, «қазіргі кезде байқап отырған көзқарасты біз халықаралық пікір деп есептемейміз. Осы орайда бұл елдерде ядролық қару бар, әсіресе, АҚШ ядролық бағдарлама саласында елеулі қысым көрсетуде», - деді. Бұған қоса Р.Мехманпараст БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көбісі Иранның ядролық бағдарламасына қарсылық білдіріп отырмағандығын, сондықтан да Иран «5+1» аясында келіссөздерді бастауға ниетті екенін, сондай-ақ өздерінің ядролық бағдарламасына қатысты барлық күдіктерді жоққа шығаратындарын жеткізді.

Бұл тұрғыда өз елі үкіметінің атынан сөйлеп тұрған ресми өкіл Иранның бейбіт ядролық бағдарламасын жүргізу құқы ресми түрде құпталуы тиіс екенін атады.

Белгілі болғандай, Иран ядролық мәселеге байланысты барлық мәселелерді шешуге құлшыныс танытып отырған көрінеді. «Әлемде ядролық қаруды жою керек деген бастаманы көтеріп отыр. Осы орайда біз Қазақстанның ядролық қарудан бас тартудағы қадамын толығымен құптаймыз. Біздіңше, барлық елдер ядролық қарусыз әлем жақтасы болуы тиіс. Біз Таяу Шығыс өңірі үшін ядролық қарусыз әлем идеясын өзінің басымдығы етуі ұсынысын көтердік», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар