Лаңкестікке қарсы операцияда жарақаттанған ақтөбелік полицейге пәтер беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында лаңкестікке қарсы операция барысында ауыр жарақат алған полиция қызметкері Әлібек Жетіғаринге пәтер беріледі. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лаңкестікке қарсы операцияда жарақаттанған ақтөбелік полицейге пәтер беріледі

Ведомство мәліметінше, еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Махамбет Әбісатов 2016 жылдың маусымында Ақтөбе қаласында жүргізілген лаңкестікке қарсы операция барысында ауыр жарақат алып, денсаулығына байланысты ішкі істер органдарынан жұмыстан шыққан Әлібек Жетіғаринды қабылдаған.

«Жетіғаринге Ақтөбе қаласынан Полиция департаментіне әкімдік тарапы бекіткен 2 бөлмелі қызметтік пәтер бөлу, сонымен қатар жеңілдікпен медициналық-сауықтыру орталығында сауықтыру курстарынан өтуге жәрдемдесу туралы шешім қабылданды», деп атап өтеді министрлік.