Лаос президенті қазақстандық ЖОО-ның құрметті профессоры атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Лаос Халық Демократиялық Республикасы президенті Тхонглун Сисулит келді, деп хабарлайды Ғылым және білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Лаос президенті қазақстандық ЖОО-ның құрметті профессоры атанды
Фото: Gov.kz

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқыған Лаос басшысы ЕҰУ мен Лаос университеттері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Студент, ЖОО, білім
Фото: Gov.kz

Тхонглун Сисулит мемлекеттердің болашағын қалыптастыруда жастар мен жоғары оқу орындарының айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, халықаралық диалогты дамыту, білім мен тәжірибе алмасу және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Лаос президенті қазақстандық ЖОО-ның құрметті профессоры атанды
Фото: Gov.kz

— Бүгін Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Қазақстанда білім алған Лаос азаматтары бүгінде мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарында еңбек етіп, өз елінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанмен тоғыз негізгі бағыт бойынша, соның ішінде білім беру саласында ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Сонымен қатар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейтіп, атап айтқанда, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға ұсыныс білдіреміз, — деді Лаос президенті.

Лаос президенті қазақстандық ЖОО-ның құрметті профессоры атанды
Фото: Gov.kz

Сапар барысында Тхонглун Сисулит ЕҰУ студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру саласындағы байланыстарды нығайту және Қазақстан мен Лаос арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейту тақырыптарына арналған дәріс оқыды. Лаос басшысы студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына да жауап берді.

Студент, ЖОО, білім
Фото: Gov.kz

Мәртебелі мейманды қарсы алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Лаос президентінің елдегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне келуінің айрықша маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, Тхонглун Сисулиттің, оның ішінде білім беру саласындағы көп жылғы кәсіби және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі бұл кездесудің қазақстандық академиялық қауымдастық үшін мәнін арттыра түседі.

Саясат Нұрбек
Фото: Gov.kz

— Студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін Лаостың дамуы мен білім беру жүйесінің қалыптасуына көптеген жылдар бойы үлес қосқан мемлекет басшысынан осы елдің өткені мен бүгініне қатысты ой-пікірін білу үлкен мүмкіндік. Лаостың қалыптасу тарихы, елдің жүріп өткен жолы және оның одан әрі даму перспективалары жөніндегі Сіздің көзқарасыңыз академиялық орта үшін қызықты әрі пайдалы болады деп сенемін. Бүгінде Қазақстан мен Лаос арасындағы, соның ішінде білім, ғылым және кадр даярлау салаларындағы өзара байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол. Екі ел арасындағы мұндай байланыстар халықтарымыздың бір-бірін тереңірек түсінуіне жол ашып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырғанын қалаймыз, — деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Студент, ЖОО, білім
Фото: Gov.kz

Министр Қазақстан ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуде білім, ғылым, инновациялар мен адами капиталды дамытуды негізгі басымдықтар ретінде қарастыратынын атап өтті.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан мен Лаос арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтты.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов
Фото: Gov.kz

— Студенттеріміз, оқытушыларымыз бен жас зерттеушілеріміз үшін мемлекет басшысының қазіргі даму үдерістері, халықаралық ынтымақтастық, білім беру және болашақты қалыптастырудағы жас ұрпақтың рөлі жөніндегі көзқарасымен танысу — үлкен мәртебе әрі бірегей мүмкіндік. Бүгінгі кездесу жаңа бірлескен бастамаларға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға негіз болады деп сенемін, — деді ректор.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің Тхонглун Сисулитке ЕҰУ-дың құрметті профессоры атағын беру туралы шешімін жариялады.

Лаос президенті қазақстандық ЖОО-ның құрметті профессоры атанды
Фото: Gov.kz

Сапар соңында Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті бастаған делегациясы Түркі жазба мәдениеті тарихы музейіне және «Күлтегін» ескерткішіне барды. Қонақтар көне түркі жазуы мен өркениетінің тарихына арналған бірегей материалдармен танысты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті елорда әуежайынан шығарып салғанын жазғанбыз.