Лара Фабиан Алматыдағы IV Қайырымдылық балына келмек

Қайырымдылық балы - «Жыл жобасы» атағына лайықты жоба. Ол 2007 жылдан бері дәстүрлі түрде Алматыда өткізіліп келеді. Әр балды қатаң кастингтен өткен, би өнерін және бал этикетін жақсы меңгерген 60 жұп ашады. Қазақстандық және шетелдік опера орындаушылары өнер көрсететін балға жыл сайын іскерлік және саяси элитаның, ғылым мен мәдениеттің 1 мыңнан астам өкілі жиналады.
Ұйымдастырушылар баспасөз мәслихатында бірқатар құпияларын ашты. IV Қайырымдылық балын актриса Татьяна Арнтгольц жүргізетін болады. Дауыс беру Гедиминас Таранданың қатысуымен балдың ресми сайтында жүргізілді. Жұлдызды қонақтардың қатарында украиналық опера әншісі Арина Домский, ресейлік орындаушы Рика Ханссен бар. Кештің сәнін келтіре түсетін басты мейман танымал жұлдыз Лара Фабиан болады.
Қайырымдылық балының мақсаты өзгерген жоқ. Бұл жолы кештен түскен қаражаттар бала сүю бақытына зәру жұптарға экстракорпоральді ұрықтандыру жасатуға жолданатын болады.