18:17, 17 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Лас-Вегаста әнұран орындауға дайындалып жатқан Димаш Головкинге сенетінін айтты
ЛАС-ВЕГАС. ҚазАқпарат – Димаш Құдайберген Геннадий Головкин мен «Канело» жекпе-жегінің қазақстандық боксшы үшін жеңіспен аяқталатынына сенімді. Бұл туралы әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«
Ертең көріскенше. Мен сенемін. Гена жеңіске жетеді
«, - дейді әнші.
Ол жекпе-жек өтетін Лас-Вегастың T-Mobile Arena кешенінде болып, шаршы алаңда өнер көрсетуге дайындалып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Геннадий Головкиннің арнайы шақыртуымен Димаш Құдайберген GGG-Canelo үшінші жекпе-жегі алдында Мемлекеттік әнұранымызды орындап, спортшыға қолдау білдіреді.
Айта кетсек, IBF және WBA бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» Альварестің жекпе-жегін «Qazaqstan» және «Qazsport» арналары тікелей эфирден көрсетеді.
Жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен 18 қыркүйек күні сағат 5:00-де басталады.
Боксшылар бұл кездесуде екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады.