Лас-Вегаста «Головкин-Альварес» бокс кеші басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile Arena-да бокс әлеміндегі жылдың басты шараларының бірі - қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль Альварестің (49-1-1, 34 КО) жекпе-жегі өтетін кеш басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Бірінші болып шаршы алаңға аса жеңіл салмақтағы әйелдер шықты. АҚШ боксшысы Марлен Эспарса (2-0, 0 КО) мен мексикалық Арасели Паласиос (8-7-1, 1 КО) арасындағы алтыраундтық айқас Эспарсаның жеңісімен аяқталды.

Екінші болып бірінші жартылай орта салмақтағы боксшылар - америкалық Верджил Ортис (6-0, 6 КО) пен мексикалық Сесар Валенсуэла (7-1, 2 КО) кездесті. Алтыраундтық жекпе-жек екінші раундта АҚШ өкілінің орындауындағы техникалық нокаутпен аяқталды. Бұл Верджил Ортистің кәсіпқой рингтегі жетінші жеңісі.

Шаршы алаңға шыққан үшінші жұп - украиналық Сергей Богачук (4-0, 4 КО) пен мексикалық Хоан Хосе Валенсуэла (5-8-1, 5 КО). Жартылай орта салмақтағы боксшылардың төрт раундқа есептелген жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталды. Сергей Богачук  мексикалық қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. 

Бокс кешінің андеркартында тағы бір айқас өтуі тиіс болған. Боксшы қыздар - америкалық  Николь Адамс (2-0, 1 КО) пен венгриялық Александра Влайктың (11-6, 2 КО) кездесуі өтпейтіні хабарланды.

Еске салайық, кештің PPV-кардында төрт жекпе-жек өтеді: Рэнди Кабальеро (24-0, 14 КО) - Диего де ла Хойя (19-0, 9 КО); Джозеф Диас (24-0, 13 КО) - Рафаэль Ривера (25-0-2, 16 КО); Райан Мартин (19-0, 11 КО) - Франсиско Рохо (20-2, 13 КО) және Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) - Сауль Альварес (49-1-1, 34 КО).

Қазақстанда трансляцияны «Qazsport» пен «Qazaqstan» арналары жүргізеді. Бокс кеші астана уақытымен таңғы сағат 06:00-де, ал Головкин мен Альварестің айқасы шамамен 08:50-де басталады.

Бұған дейін хабарланғандай, Сауль Альварестің базалық гонорары - 5 миллион доллар, Геннадий Головкиннің сыйақысы 3 миллион доллар болады. Дегенмен, қос боксшы да қолдарына сегіз таңбалы сома алмақ. Сондай-ақ оларға іс-шарадан түскен табыстың үлесі беріледі.

Жекпе-жек өткізетін өзге де жұптардың гонорарлары белгілі болды: Рэнди Кабальеро (24-0, 14 КО) (80 мың доллар) - Диего де ла Хойя (19-0, 9 КО) (50 мың доллар). Джозеф Диас (24-0, 13 КО) (200 мың доллар) - Рафаэль Ривера (25-0-2, 16 КО) (15 мың доллар). Райан Мартин (19-0, 11 КО) (50 мың доллар) - Франсиско Рохо (20-2, 13 КО) (25 мың доллар). 

Соңғы жаңалықтар