Лас-Вегаста күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Ұлттық олимпиадалық комитет.

Лас-Вегас күрестен әлем чемпионаты
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Аталған додада Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды. Оның үшеуі алтын, біреуі күміс, үшеуі қола жүлде.

Еркін күрестен Мерей Базарбаев (57 келіге дейін) жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.

Грек-рим күресінің шеберлері Айбек Айтбеков (60 келіге дейін) және Юсуф Ашрапов (72 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды.

Темірлан Тұрдақын (87 келіге дейін) екінші орын алды. Ал Арсен Жұма (55 келіге дейін) мен Джохар Узаров (130 келіге дейін) қоламен жарысты аяқтады.

Әйелдер күресінен Шұғыла Өмірбек (55 келіге дейін) қола медальға ие болды.

ОСыған дейін Мерей Базарбаевтың әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғаны туралы жаздық.