Латын қарпіне көшуге бөлінген қаражат бюджетке қайтарылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет үйіндегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрлігі әліпбиді латын графикасына көшіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

деньги, ақша, тенге, банк
Фото: Александр Павский / Kazinform

Министрлікке қарасты Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі қарастырып жатқанын айтты.

— А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тіл Қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығының және жоғары оқу орындарының жетекші ғалым-лингвистерін тарта отырып, латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиінің жобасы мен орфография ережелерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде, — деді комитет өкілі.

Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Асан
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің кезең-кезеңмен атқарылатын жоспары латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиі мен орфография ережелері қабылданғаннан кейін әзірленеді.

Комитет өкілі латын қарпіне көшудің нақты уақыты жоқ екенін және нормативтік-құқықтық актілер құрылуы қажет екенін жеткізді.

— 2020 жылдан бастап осы бөлінген қаражат республикалық бюджетке қайтарылып жатыр, — деді Э. Асан.

Бұдан бұрын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жұмыс жоспар бойынша, жүйелі түрде атқарылып жатқанын мәлім еткен еді.