Саясат Нұрбек латын әліпбиіне көшу мерзімі туралы: Сәл сабыр сақтаңыздар

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жасанды интеллектіні дамытуға арналған парламенттік тыңдауда Үкімет мүлелерінен Қазақстан қашан латын әліпбиіне толыққанды көшетінін сұрады.

министр
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бұл қаріп — Microsoft-тың бірыңғай бағдарламалық платформасына шығатын төте жол. Біз қазір кириллицада отырмыз. Оның ішіндегі 12 төл әрпіміз бағдарламаға түсініксіз. Қазір біз қазақ, орыс, ағылшын тілін қатар пайдаланудың салдарынан орасан зор шығын тартып жатырмыз. Көшенің атауын да, жолдағы белгілерді де, бәрін үш тілде жазамыз. Оның бәрі — зор шығын. Google, Microsoft, You Tube сияқты платформалар қазақ тілін қабылдауға дайын. Бірақ оларға біртұтас стандарт қажет. Бұл жөнінде сарапшылардың ақпараты жетерлік. Латын қарпі — қазақ тілін әлемдік жүйеге тікелей қосатын төте жол, қазақ тілін тәуелсіз тіл ететін мүмкіндік. Латын қарпіне қашан көшетініміз туралы мемлекеттік жоспарымыз бар ма? Бұл мәселені саяси шешім шығаратын Президенттің алдына қоятындай ойларыңыз бар ма, — деді ол.

Депутат Жаңа Қазақстанға латын әліпбиі ауадай қажеттігін атап өтті.

— Жаңа ғана Хенрик фон Шейл мырза (Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы, Еуропалық Одақтың Жасанды интеллект туралы заңын әзірлеушілер тобының мүшесі) жасанды инттелектіні биоревлюция деп атады. Лтаын қарпін көшпесек, жуықта осы биореволюцияның соңында бір аяғымыз ақсаңдап қаламыз. Латын қарпінің осы отырғандардың ішінде көбімізге қажет болмауы мүмкін. Ол жас ұрпаққа керек, Жаңа Қазақстанға керек, — деді Ермұрат Бапи.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл жұмыс жоспар бойынша, жүйелі түрде атқарылып жатқанын әлім етті.

— Бұл жұмыс бірнеше жыл бойы, жүйелі түрде атқарылып келе жатыр. Бірнеше нұсқалары да шықты. Қазіргі таңда бірнеше топ, тіл танушылар, лингвист, филолог ғалымдар әлі бір мәмлеге келмеді. Мен нақты айтайын сізге. Бұл жұмысты біздің министрлік үйлестіріп отыр. Өте көп салдары шықты. Оның ішінде өзіңіз айтқан цифрлық мәселелер де бар. Бүкіл құжат айналымын, көше атауларын, бәрін жаңа әліпбиге көшіру үлкен экономикалық шығындарға әкеледі. Осының бәрін ескере отырып, ғылыми, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық тұрғыдан өлшеп қана көшеміз. Сондықтан сәл сабыр сақтаңыздар. Жұмысты жалғастырып жатырмыз. Жақын арада ақпарат қосымша береміз. Сәл сабыр сақтап жұмыс тобының толыққанды жұмыс атқаруына рұқсат берсеңіздер, — деді министр.

Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа логотипін таныстырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар