Латвия Азия мен Еуропаның арасындағы транзитті дамыту бағытында Қазақстанды негізгі серіктесі ретінде танып отыр - А.Тейкманис

Бұл жайында бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен кездескеннен кейін Латвия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Андрис Тейкманис мәлім етті.
«Қазақстан мен Латвия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Биыл атаулы жыл. Себебі, біз екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнатылуының 20 жылдығын атап өтеміз»,-деді ол.
А. Тейкманистің сөзіне қарағанда, екі ел арасында экономикалық және өзара саудада оң көрсеткіштерге қол жеткізілуде.
«Біз оң үдерістерді бұдан әрі қарай қолдап, әсіресе көлік, транзит және логистикада қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз»,-деп тоқталды ол.
Осы орайда ол латвиялық көлік инфрақұрылымы Қазақстан мен жүк тасымалын дамытуда ынтымақтасуға дайын екенін қадап айтты.
«Біз жаңа Жібек жолы бастамасын дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осы арқылы Азия мен Еуропа арасында жүк айналымын ерекше дамытуға болады. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Латвия арасындағы ынтымақтастық негізгі басымдыққа ие болмақ»,-деп түйіндеді Мемлекеттік хатшы.