Латвия депутаттарына орыс тілінде сөйлесуге тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Латвия Сеймі (парламент) депутаттарға кеңсе ғимараттарында орыс тілін қолдануға тыйым салатын және оларды латыш тілінде сөйлеуге мәжбүрлейтін түзетулерді қабылдады. Бұл туралы ISM порталы хабарлады.

Латвия депутаттарына орыс тілінде сөйлесуге тыйым салынды
Фото: ISM

Парламент ғимаратында депутаттардан тек мемлекеттік тіл – латыш тілін ғана қолдану талап етіледі. Жаңа нормалар депутаттардың өзара қарым-қатынасына да, олардың азаматтармен қарым-қатынасына да қатысты.

Сейм ғимараттарында басқа тілдерді қолдану заң бұзушылық ретінде қарастырылатыны атап өтілді.

Сондай-ақ, түзету тіл нормасынан бөлек, төтенше жағдайларда немесе өзге де ерекше жағдайларда депутаттардың парламент комитеттерінің отырыстарына қашықтықтан қатысу мүмкіндігін қарастырады. Мұндай қатысу комиссия төрағасымен алдын ала келісілуі шарт. Отырысқа төраға өзі қатысуы керек.

Сондай-ақ заңға депутаттарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты да түсіндірмелер қосылды. Атап айтқанда, қылмыстық іс депутат қызметіне кіріскенге дейін қозғалса да, енді қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін Сеймнің келісімі қажет.

Бұған қоса, Латвия үкіметі ресейлік Telegram арналарының барлығын жауып тастағысы келетіні белгілі болды. Олар бұл шараны республика көлемінде орыс тілінің таралуына қарсы күресу қажет деп түсіндіреді.

Еске сала кетейік, Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығады. 

Соңғы жаңалықтар