Латын әліпбиі: Сарапшылар не дейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық сарапшылар латын қарпіне көшу аса маңызды мәселе болғандықтан оған әрі мұқият, әрі жан-жақты қарап, тиянақты әзірлікпен келу керектігін алға тартуда. Айта кетерлік жайт, қоғамдық ұйымдардың өкілдері жазу ауыстыру үдерісінің артықшылықтары мен кемшіліктеріне бірдей назар аударып отыр.
None
None

«Жас заңгерлер қауымдастығы» қоғамдық қорының сарапшысы Думан Жанпейісов көпшіліктің назарына ұсынылған әліпби нұсқасының артықшылығына дайын латын әріптерін қолдануды жатқызады. «Ол техникалық, бағдарламалық тұрғыдан ешқандай кедергі келтірмейді. Себебі, қазір күн сайын әлеуметтік желілерде, sms-чаттарда жеке хат жазысқанда латын әріптерін жиі қолданамыз. Алайда, халыққа ұсынылған нұсқаның бір кемшілігі - «Ә - ае», «Ө - ое», «Ү - ие» деп жазылуы. Бұл мәселенің көпке ыңғайлы оң шешімін табу керек»,- дейді ол.

«Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының жетекшісі Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, латын жазуына көшсек, қазақ тілін барлық құрылғыларда қолдану өте ыңғайлы болады. «Екінші артықшылығы, шетелдік қонақтарға қызмет көрсету деңгейі арта түседі. Туризмді дамытуға стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырған елге латын жазуын қолдану - бұл фактор. Алайда, менің ойымша, бұл істі асығыс бастауға болмайды. Біз ең алдымен Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдердің тілге жүргізген реформасының тәжірибесін ескеруге тиіспіз»,- деген пікір білдірді Ш. Лепсібаев.

Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық Альянсының төрағасы Олег Чернышов латынға ауысу аға буын өкілдеріне әжептәуір қиындық туғызатынын жоққа шығармайды. «Латын жазуына көшу жастарға ешқандай қиындық әкелмейді. Өйткені, олар күн сайын әлеуметтік желілерде латын тілінде хат жазысып жүр. Ал, жастарға ілесе алмаған үлкендерге жаңа жазуды үйренуге тура келеді»,- дейді ол. Отандық сарапшы 1994 жылы жәй ғана жарлық шығарып, латынға жедел көшкен Әзербайжанның тәжірибесін мысалға келтірді. - Олар алдын-ала ұзақ дайындалған да жоқ. Бірақ күнде көшіп кетті. Әрине, белгілі бір қиындықтар болған шығар. Алайда қазір ол ұмытылды. Ендеше, бізге де қорқудың қажеті жоқ. Бұл үдеріс елімізде кезең-кезеңмен, саналы түрде жүргізілуде,- деп түсіндірді О. Чернышов.

«Халықтар келісімі» қоғамдық қорының жетекшісі Зиябек Қабылдинов: «Біз латын жазуына қайтып оралғанымызды өзіміз байқамай қалдық. Мысалы, қалта телефонымызға күн сайын дерлік Төтенше жағдайлар комитетінен табиғи-климаттық ауытқулар (қатты жел, суық, ыстық, жауын-шашын және т.б) туралы SMS-хабарламалар келіп түседі. Осы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде латын жазуымен беріліп жүр. Демек, латынға ептеп көше бастадық деген сөз. Ендеше, алаңдаудың еш себебі жоқ»,-дейді. Оның айтуынша, орыстілді аудиторияның жаңа жазуға қатысты уайымға салынуына еш негіз жоқ. Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев жуырда сөйлеген сөзінде латынға тек қазақтілді аудитория ғана көшетінін анық түсіндірді. Бұл сұраққа қайта оралудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов Алаш интеллигенциясының өз заманында латын графикасына көшуді қолдағанын айтады. «Алаш қайраткерлері асқан білімдар азаматтар болды. Олар көп тілдерді меңгерді. Мысалы, Мұстафа Шоқай 10 тілді меңгерген. Алаш элитасы қазаққа батыстық даму моделін ұсынды. Бұған дәлел: Алашорда үкіметінің бірінші басшысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ даласының келешегі батыс мәдениетінің өзімізге қажетті тұстарын саналы түрде енгізумен де байланысты болады» деп жазды»,-дейді ол.

Соңғы жаңалықтар