Латын графикасындағы қазақ кітаптарын жинап қойдым - Бейбіт Мамраев
«Әрбір бастаманы жүзеге асырудың лайықты мерзімі болады. Яғни пісіп жетілмеген қадамдарды жария етіп, қолданысқа енгізу дұрыс емес деп ойлаймын. Осы орайда нақты қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруге тоқталсақ, біз терең саралап әбден дайындықпен келдік. Осы игі істе мүмкіндіктер мен қоғамның пікірін біріктіріп барып, жүзеге асырудамыз. Сондықтан еліміз үшін бұл сәтті іс деп бағалаймын. Әрине, бұл атқарылған көп жұмыстың жемісті нәтижесі. Себебі алғашқы берілген жобаға қарағанда ыңғайланып қалғанын байқап отырмын. Ең бастысы, қолданыс аясын кеңейту үшін ел тұрғындары жаттығуы керек. Жалпы, бұдан сескенудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ел халқы ауқымды әрі терең талқылау болғанын жақсы біледі, сондықтан жетілдіру жұмыстары да дұрыс бағытта болды», - деді Б. Мамраев.
Депутаттың пайымынша, қазірден бастап қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын неғұрлым кеңірек пайдалану қажет. Осы орайда дағдылану шараларын жоспар бойынша ретімен жүргізуге назар аудару керек.
«Атап айтқанда, Екінші Дүниежүзілік соғыстың алдында ғана Қазақстанда латын графикасынан кириллицаға көшкен едік. Сондықтан сол кезеңдегі, яғни 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасында кітаптар менің жеке кітапханамда да бар. Біздің ата-анамыз кезінде сол кітаптарды оқыған. Сондықтан бізде ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын. Өздеріңіз байқағандай, мамандар латын графикасында жазу басқа тілдерді меңгеруде өзінің жеңілдігін тигізетінін айтып жүр», - деді халық қалаулысы.