Латынды таңдау - адамзаттың игіліктеріне қадам жасау

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық тарихшылар қауымы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы Елбасына жолдаған хатында «қоғамдық сананы жаңғырту кезеңіндегі бұл қисынға келетін, көптің көңілінен шығатын қадам болып табылады» деген ұстанымын білдірді. Тарихшы-мамандар мәселенің мәнісіне терең үңіле отырып, латын әліпбиі еліміздің аумағында 1920-1940 жылдары қолданылғанын алға тартып, аталған жазуды өміріміздің барлық салаларында қолданудың бай тәжірибесі барына тоқталды.
None
None

Отандық тарихшылар қазақ әліпбиін латынға ауыстыру үш тілде оқытуды дамытуға септігін тигізетінін айтады. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге мүмкіндік туғызады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын жандандырады. Өйткен себебі, адамзаттың көп бөлігі құрылымы латын графикасына негізделген латын әліпбиін қолданады.

Танымал тарихшы Зиябек Қабылдиновтың пікірінше, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің басқа да артықшылықтары бар. «Біріншіден, посткеңестік кеңістіктегі елдердің көбірек бөлігі: Литва, Латвия, Эстония, Молдова, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан латын әліпбиін қолданады. Екіншіден, латынға көшсек қыруар бюджет қаражатын үнемдейміз, мысалы, екі әліпбидің көмегімен бұрынғыдай үш тілде көше, даңғыл, мекеме және ұйым атауларын жазбаймыз. Үшіншіден, қазір тәуелсіз Қазақстан жаһандық диалог алаңына және бейбітшілік пен келісім салтанат құрған туристік Меккеге айналды. Олай болса, бізге тездетіп уақыт талабына сай жаңа әліпбиге көшу керек. Төртіншіден, түркі әлемінің айтарлықтай бөлігі: Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан латын қарпімен жазады. Түркі әлемімен бір жұдырыққа жұмыламыз десек, жалпы латын әліпбиіне ауысуға тиіспіз. Бесіншіден, әлемнің 42 еліне тарыдай шашылып кеткен шетелдердегі қазақтар әртүрлі әліпбиді қолданады. Егер латынға көшсек, сол қандастарымызбен қарым-қатынасымыз жандана түсері хақ. Себебі, Еуропадағы, АҚШ-тағы, Түркиядағы, Өзбекстандағы, Түркіменстандағы қазақтар латын қарпімен жазады. Осылайша, латынды таңдасақ, адамзаттың қолында бар игіліктері: технологияларға, инновацияларға, жасалымдарға қол жеткіземіз»,- дейді З. Қабылдинов.

Қазақстан тарихы пәнінің оқытушысы Ақнұр Қошымова Қазақстанның латын әліпбиіне өтуде өзге тағдырлас елдерге қарағанда кешеуілдеп қалуы оған артықшылықтар бергенін атап айтты. Оның пайымдауынша, қазақтар өзінен бұрын латын әліпбиіне өткен туысқан елдердің тәжірибесін зерттеп, олардың жіберген қателіктерін көріп, одан бойын аулақ ұстай алады.

«Қазіргі әліпбиімізге байланысты айтатыным, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айту үшін жарыса қапталдап кедергі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латынға ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік туды. Латын әліпбиін кезінде жерлесіміз, қазақтың біртуар азаматы, профессор Құдайберген Жұбанов та жоғары бағалап, осы әліпбиді қазақ тіліне бейімдеу бағытында белсене жұмыс жасаған еді»,- дейді ол.

Ақнұр Қошымова: «Қазір әлемнің алдыңғы қатралы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері - өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет»,- деп санайды.

Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Карл Байпақов бұл қадам баяғыда-ақ латын әліпбиіне көшіп кеткен бауырлас түркі халықтарын одан әрі жақындастыра түсетінін жеткізді. Оның пікірінше, латынды енгізу ортақ түркі тілдес ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға маңызды үлес болмақ.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан: «Латын жазуын үйрену қиын деп аттан салу - сәби саналы адамдардың ісі» дейді. Оның пайымынша, жаңалықты аттың жалы, түйенің қомында айлап, жылдап тарататын, жұрттың бір бөлігі біліп, бір бөлігі білмей қалатын дәуір өткен. «Өзімізге тиесілі таңбамыздың болғаны дұрыс. Сол себепті мен латын әліпбиіне ауысуда қолдаймын. Латын әліпбиі жүз пайыз көшірме емес, кей тұстарында өз өрнегіміз болғаны жөн»,- дейді ақын.  

Соңғы жаңалықтар