Латынға көшуді кешіктірмеген абзал - А. Смайыл

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Латын әліпбиіне көшуді кешіктірмеу керек. Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
None
None

Депутаттың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде қазақ тілін латын графикасына негіздеген жүзден астам жоба бар екен. «Анығында еліміздің тіл мамандары бұл кезеңге дайындықты ерте қолға алған еді. Латын әрпіне талпыныс алғаш рет 1993 жылы жасалды. Осы жылы Анкарада Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Түркия елдерінің ғалымдары бас қосып, бүкіл түркі жұртына ортақ 34 әріптен тұратын үлгі қабылданды. Осы үлгінің негізінде 27 әріптен тұратын қазақ нұсқасы да әзірленді. Бұл жоба Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдардың жобасы негізінде көпке белгілі», - дейді А. Смайыл.

Оның айтуынша, латынға қатысты екінші қадам 2007 жылы жасалған. Ол тұста Президент Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында латын графикасына көшу мәселесін зерттеуді тапсырған еді. Сол бойынша арнайы комиссия құрылып оған тіл мамандары, қоғамдық институт ғалымдары қатысты. Соның аясында 20 ғасырдың 20-30 жылдарындағы латын әрпіне көшу тарихы зерттелді. Осы әріпті қабылдаған Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан елдеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырылған. Барлық зерттеу деректері талданып, нәтижесінде латын графикасындағы бес жоба жасалған.

«Бұл тіл білімі ғалымдарының талай талқылау мен өңдеуден өткен ұжымдық үлгісі. Сондықтан да, айрықша назар аудару керек. Ал біздің ұсынысымыз осы комиссия негізінде жаңа мемлекеттік комиссия құруды жеделдету. Сол арқылы қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін жасауды мүмкіндігінше тездету. Мәселе мынада: еліміз 2025 жылы латын әліпбиіне толық көшкенде осыған дейін жазылған және жасалған әдеби-ғылыми мұраларды кирилицадан жаңа әліпбиге түсіріп үлгеруге тиіспіз. Бұлай жасалмаған күнде, ұрпақтар арасындағы дәстүрлі рухани-мәдени сабақтастық белгілі мерзімге үзілуі мүмкін. Мұны латын әрпіне көшуді 1999 жылы бастап 2010 жылға дейін созған, осы мерзімде жаңа әліпбиді үш рет реформалаған Өзбекстан тәжірибесінен көріп отырмыз. Латын әліпбиіне көшу үшін кириллицаны 10 жыл бойы ұстауға мәжбүр болған Әзірбайжан мамандары да жаңа әліпбиге өткен жылдардың мол мұрасын қолданысқа енгізбейінше көшпеу керек деп кеңес беруде», - дейді Алдан Смайыл.

Соңғы жаңалықтар