Лауазымды тұлғаның заң бұзушылық үстінде түсірілген бейнежазбасын жариялау үшін келісім алу қажет емес - Қырықбаев
АСТАНА. KAZINFORM – Лауазымды тұлғаның заң бұзушылық үстінде түсірілген бейнежазбасын жариялау үшін оның келісімін алу қажет емес. Бұл туралы бүгін Құрылтай отырысында масс-медиа туралы заңға заңнамаға енгізілетін түзетулерді талқылау барысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев айтты.
Құжатты қарау барысында депутат Максим Рожин заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болатын, жариялауға болатын жағдайларды нақтылау ұсынылғанына назар аудартты.
- Жалпы әлеуметтік желі мен дипфейк технологиясы дамыған заманда бұл норма уақтылы әрі керек шығар. Бірақ біздің ойымызша, бұл жерде жеке өмірді қорғау мен қоғамның заң бұзушылықтар туралы білу құқығы арасындағы теңгерімді сақтау маңызды. Осы жағдайда сыбайлас жемқорлық немесе өзге де құқық бұзушылық туралы нақты деректер болған жағдайда лауазымды тұлғаның бейнесін пайдалануға, олардың келісімінсіз жариялау мүмкіндігін айқындай отырып, ұсынылған редакцияны пысықтау ұсынылады Министрліктің осындай теңгерімді көзқарасқа, ұсынысқа көзқарасы қандай? - деді ол министрден.
Сауалға жауап берген Арман Қырықбаев қандай да бір лауазымды тұлға заң бұзушылық үстінде объективке түсіп қалған болатын болса, онда оның арнайы келісімін алып жату ақылға сыймайтын нәрсе.
- Сондықтан бұл дұрыс деп есептейміз. Бұл жердегі негізгі мақсат – қызмет барысындағы бейнежазба мен жеке отбасылық өміріндегі бейнежазба арасының аражігін ажыратып алу. Әр адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды. Бұл әрбірден соң конституциялық талап екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ал қызмет барысында, белгілі бір ресми шаралардың, болмаса бір жиналыстың үстінде, Құрылтай қабырғасында болып жатқан шаралардың үстінде бейнетаспаға ілініп жатса, ешқандай да келісім алудың қажеті жоқ, - деді ол.
Айта кетейік, Құрылтайда талқыланып жатқан заң жобаларында елімізде онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейту, балаларды зиянды контенттен қорғау және цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтарын сақтау көзделіп отыр.