Лавров: Ресей Ыстанбұлда украиналық тарапқа барлық негізгі мәселе бойынша меморандум ұсынуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей мен Украина делегацияларының 2 маусымда Стамбулда өтетін келесі кездесуінің мүмкіндігі туралы Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров арасындағы телефон арқылы сөйлесуден кейін белгілі болды.

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Ресей тарапы барлық негізгі мәселе бойынша ұстанымын баяндайтын тиісті меморандум әзірлегенін және оны Стамбулда украиналық тарапқа тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.
Ресей делегациясын РФ президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқарады. Олар бұл меморандумды Украина делегациясына таныстырып, Стамбулда өтетін тікелей келіссөздердің екінші кезеңінде қажетті түсініктемелер беруге дайын.
– АҚШ, Сауд Арабиясы және Түркияның қолдауымен Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздерді қайта бастауға жағдай жасалды. Қайта жандандырылған алғашқы кездесу 2025 жылдың 16 мамырында Стамбулда өтті. Сол келіссөздер нәтижесінде «1 000-ға 1 000» форматы бойынша тұтқындар алмасу жүзеге асты. Сондай-ақ Мәскеу мен Киев тұрақты бейбіт реттеуге қол жеткізу үшін әр тараптың ұстанымын білдіретін құжаттарды дайындауға келіскен болатын, - деді Лавров.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова «60 минут» бағдарламасында сөйлеген сөзінде Стамбулдағы екінші кезеңге қатысатын Ресей делегациясының құрамы өзгермейтінін хабарлады.
РФ Президентінің көмекшісі Владимир Мединский сәрсенбі күні Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеровқа меморандумдармен алмасу үшін нақты күн мен орынды ұсынғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ тараптар ұсынылған кешенді келісімнің әр тармағын мазмұнды талқылауға дайын екенін және украиналық тараптың растауын күтіп отырғанын жеткізді.
Мария Захарова Ресейдің Киевпен бейбіт реттеу жөніндегі меморандум жобаларымен алмасу барысында басқа елдердің көмегіне жүгіну туралы келісімдер жасамағанын да атап өтті.
Өз кезегінде, Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров әлеуметтік желідегі парақшасында қақтығысты реттеу жөніндегі украиналық ұстанымды қамтитын меморандум жобасын Ресей жағына тапсырғанын жазды. Сондай-ақ ол Украина тарапынан атысты толық әрі сөзсіз тоқтатуға және дипломатиялық жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.
АҚШ Президентінің арнайы өкілі Кит Келлог телеарналардың біріне берген сұхбатында Ресей мен Украина делегацияларының мүмкін болатын кездесуіне орай 2 маусым күні Стамбулда АҚШ, Германия, Франция және Ұлыбритания өкілдері де болатынын мәлімдеді.
25–27 мамыр аралығында Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Мәскеуге ресми сапармен барып, Ресей президенті В.Путин, президент көмекшісі В.Мединский, СІМ басшысы С.Лавров және Сыртқы барлау қызметінің басшысы С.Нарышкинмен кездесті. Сапар қорытындысы бойынша ол Ресейге ресми сапары барысында атысты тоқтату үшін нақты негіз бола алатын Түркияның шынайы параметрлерге қатысты көзқарасын таныстырғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей мен Украинаның атысты тоқтату режимін жүзеге асыру бойынша талаптары әртүрлі, және бұл айырмашылықтар әлі де келісуді қажет етеді. Анкараның Украина бойынша белсенді дипломатиялық күш-жігері Мәскеу, Киев, Вашингтон және Еуропа елдерімен тұрақты байланыстарды қамтиды.
Бұған дейін Ыстанбұлда Ресей мен Украина делегацияларының екі сағатқа созылған кездесуі аяқталғанын жазған болатынбыз.