Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan-ның үстінен арыз жазды
АСТАНА. KAZINFORM – Танымал қазақстандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan әуекомпаниясының ұшағында жарақат алған.

«Мен @flyarystan үстінен арыз жаздым. Кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, мен отырған жерге құлап, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды», - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы Instagram-дағы парақшасында.
Ол FlyArystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағанан кейін осындай жағдайға тап болғанын, жарақат алғанын айтты.
«Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым. Не дәрісалғыш, не мұз, не қан тоқтатын зат, не салфетка жоқ. Менің орнымда кішкентай бала немесе қарт адам болса, басы жарылып немесе қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болатын еді. Жауапсыздық қой. Бортсеріктер әр жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты болуы керек. Олар алғашқы көмек көрсетуге міндетті», - дейді тележүргізуші.
Өз кезегінде FlyArystan әуекомпаниясы болған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Астана – Шымкент КС7326 рейсі аяқталар тұста, ұшақтан шығуға дайындық кезінде, жолаушылардың бірінің тарапынан келесі жолаушыға көмек көрсету туралы өтініш түскенін хабарлаймыз. Бортсеріктер жолаушыға майлық пен суық қаңылтырлы бөтелкені ұсынды. Содан кейін, процедураға сәйкес, бортта медициналық білімі бар жолаушыларды іздеу туралы хабарланды және әуе кемесінің командиріне хабар беріп, дәрігер шақыру сұралды», - деп түсіндірді әуе компанияның баспасөз қызметі.
Сол мезетте жолаушылардың арасынан медициналық білімі бар адам табылған.
«Ұшақ баспалдағы жалғанып, қонудан кейінгі тиісті процедураларын аяқтағаннан кейін бортсеріктер әуежай қызметкерлеріне болған жай туралы жедел хабарлап, білікті медициналық қызметкерлерді сұрады. Алайда, ұшақтан түсіру кезінде жолаушы дәрігерлерді күтпестен борттан шығып кетті», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ресми ақпаратта бортта алғашқы медициналық көмек қобдишасының болғаны айтылған.
«Ұшақтың бортында белгіленген стандарттарға сәйкес жабдықталған алғашқы медициналық көмек қобдишаларының үш түрі бар екенін еске салғымыз келеді. Аталған жолаушыға қатысты білікті медициналық қызметкерлерді іздеу және шақыру бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деген жауап алдық.
FlyArystan мәліметінше, жолаушы дәрігерлерді күтуден бас тартқан.
«Жолаушы Ләйлә Сұлтанқызынан шынайы кешірім сұраймыз және тезірек сауығып кетуін тілейміз. FlyArystan борттағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Өйткені біздің басты құндылығымыз – жолаушыларымыздың қауіпсіздігі», - дейді әуе компаниядан.