Лазер немесе дрон арқылы ұшқыштарға кедергі келтіру — енді қылмыс
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ұшқыштарға лазерлік құрылғылар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен кедергі келтіргені үшін қылмыстық жаза енгізілді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Ведомство атап өткендей, ұшқыштарды лазерлік құрылғылармен көзден шағылыстыру өте қауіпті. Мұндай әрекеттер ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді, әсіресе ұшақтың ұшып көтерілуі мен қонуы сияқты аса маңызды кезеңдерде.
— Лазер сәулесі ұшқыштың уақытша көру қабілетінен айырылуына себеп болуы мүмкін. Бұл — әуе апатына әкеліп соқтыратын жағдай. Қазақстанның авиациялық қызметтерінің дерегіне сүйенсек, соңғы 6 жыл ішінде жолаушылар лайнерлері экипажының лазер сәулесінен көз жанарынан айырылуының 98 оқиғасы тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы халықаралық әуежайында болған, — делінген хабарламада.
Мәселен, 2017 жылы мұндай 8 жағдай тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 30-ға жеткен.
Бұған дейін отандық заңнамада бұл әрекеттер үшін арнайы жауапкершілік қарастырылмаған еді, сондықтан кінәлілерді жауапқа тарту айтарлықтай қиындық тудырды.
Айта кетерлігі, Аустралия, Германия, Жаңа Зеландия, Канада және АҚШ сынды елдерде ұшқышты лазерлік құрылғымен соқыр ету — 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған ауыр қылмыс ретінде танылады.
— Енді бұл жағдай Қазақстанда да өзгерді. Осы жылдың 16 шілдесінде қабылданған заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске жаңа 352-1-бап енгізілді. Онда лазерлік құрылғылар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, әуе кемесін басқаруға кедергі келтіру — қылмыстық жауапкершілік ретінде белгіленді, — деп түсіндірді ведомство.
Жаза әрекеттің салдарына қарай жеңіл немесе ауыр болуы мүмкін:
-
айыппұл салудан бастап,
-
қамауға алу немесе
-
10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырылған.
Прокуратура бұл өзгерісті көлік саласындағы қылмыстардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.
— Мұндай әрекеттер — ешқандай жағдайда «зиянсыз әзіл» немесе жай ғана «еріккеннің ермегі» емес. Бұл — ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін өрескел заң бұзушылық, — деп атап өтті Бас прокуратура.
Прокуратура өз құзыреті шегінде жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Осыдан бұрын ғарыш және ұшқышсыз жүйелер саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған еді.