LEGO киіз үй конструкторын шығаруы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық арудың идеясы халықаралық байқаудың финалына шықты.

LEGO киіз үй конструкторын шығаруы мүмкін
Фото: wikimedia.org

Жоба киіз үйдің құрылымын конструктор түрінде танытуды көздейді.

Бұл туралы Айнұр Болат Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында хабарлады.

— Шетелдік компаниялармен жұмыс істеу барысында тек Louis Vuitton емес, басқа да шетелдік брендтермен келісу мүмкін екеніне көзім жетті. Бастапқыда інілеріммен сөйлескенде олардың киіз үй туралы, оның құрылымы жайлы көп біле бермейтінін түсіндім. Қаланың балалары болғандықтан, олар үшін киіз үй — дайын күйінде әкеліп, қоя салатын зат секілді. Сол киіз үйдің әрбір бөлігін білсін деген ниетпен ағаштан конструктор жасай бастадым. Бірақ інілерім оған да аса қызықпады. Сондықтан идеямды LEGO форматына айналдырсам деген ой туды, — дейді Айнұр Болат.

LEGO киіз үй конструкторын шығаруы мүмкін
Фото: wikimedia.org

LEGO компаниясының ресми сайтында әлемнің түкпір-түкпірінен келген креаторлар өз жобаларын ұсына алады. Егер жоба барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, финалда 10 мың дауыс жинаса, LEGO оны өндіріп, дүние жүзі бойынша ресми дүкендерінде сатылымға шығарады.

— Мен финалға дейін жеттім. Қазір 6 мың дауыстан асты. Ал мен идея авторы ретінде тіркелемін, — дейді стартапер.

LEGO киіз үй конструкторын шығаруы мүмкін
Фото: wikimedia.org

Жоба Nomad Yurt деп аталады. Айнұр Болат LEGO арқылы балалардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттырғысы келетінін жеткізді.

— Бұл жоба арқылы балалар киіз үйдің қалай құрылатынын, оның бөлшектерінің маңызын ойын түрінде үйренеді. Сол арқылы дәстүрімізді жаңа буынға жеңіл әрі заманауи әдіспен жеткізгім келеді, — дейді ол.

Дауыс беру үшін LEGO-ның ресми сайтына кіру керек.

— Дауыс беру тегін. Бірақ тек 16 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Егер финалда 10 мыңнан астам дауыс жинасам, LEGO-ның киіз үй үлгісіндегі конструкторы әлемдік нарыққа шығады, — дейді Айнұр Болат.

Айта кетейік, бұған дейін стартапер Айнұр Болаттың жобасына Louis Vuitton қызығушылық танытқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар