Lego өңделген пластиктен ойыншық жасау жоспарынан бас тартты
Даниялық Lego компаниясы екі жылдық сынақтан кейін ойыншықтарын қайта өңделген пластиктен жасау жоспарынан бас тартқаны туралы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Әлемде ойыншық шығаратын ең ірі компанияның мәлімдеуінше, ол ПЭТ - полиэтилентерефталаттан жасалған қайта өңделген пластик бөтелкелерден түрлі-түсті кішкене кірпіштерді шығаруды жалғастырудан бас тартқан.
Екі жыл бұрын мұнай негізіндегі пластиктен жасалған конструктор ойыншықтарын шығарушы компания қайта өңделген кезде сапасы нашарламайтын ПЭТ пластиктен жасалып қайта өңделген бөтелкелерге көшу мүмкіндігін зерттей бастады.
Сынақ қорытындысы бойынша «бұл материалдың көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтпайтыны анықталды».
Дегенмен, компания 2032 жылға дейінгі мерзімді белгілей отырып, Lego конструкторы үшін экологиялық таза материалдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, Lego 2032 жылға қарай экологиялық таза материалдарға көшу және көмірқышқыл газ шығарындыларын 37%-ға азайту жөніндегі күш-жігердің бөлігі ретінде тұрақтылық бастамаларына 1,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған.
Lego компаниясын 1932 жылы Оле Кирк Кристиансен құрған. Бұл атау екі дат сөзінен шыққан - leg және godt, оларды біріктіргенде «жақсы ойнау» деген мағынаны білдіреді. Сауда белгісін жасаушылар «lego» латын тілінен аударғанда «мен құрастырамын» деген мағынаны білдіретінін мүлдем білмегенін айтты.