LEGO Star Wars сериясында «ақылды» жинағын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — LEGO Group компаниясы Star Wars сериясындағы жаңа жинақтарда алғаш рет қолданылатын «ақылды» элементті ұсынды. Жаңа әзірлеме CES 2026 технологиялық көрмесінде Лас-Вегаста таныстырылды, деп хабарлайды Euronews.

LEGO представила «умный» кирпичик в новой серии Star Wars
Фото: LEGO GROUP

Таныстырылым барысында даниялық өндіруші 2×4 форматындағы элементтің мүмкіндіктерін көрсетті. Оның ішіне арнайы бағдарламалық код орнатылған. Жаңа элемент жарық шашып, дыбыс шығара алады және конструктордың басқа бөлшектерімен өзара әрекеттеседі.

Демонстрация кезінде «ақылды» элемент LEGO үйрекшесінің мүсініне бекітілгенде, ол қаңқылдаған дыбыс шығарған. Ал басқа бір мысалда көлік астына түскен кейіпкерге қосылған кезде наразылық білдірген дыбыс естілген. Сонымен қатар элемент жалғанған бөлшектің түсін анықтап, дәл сол түске жарық береді.

LEGO Group компаниясының аға вице-президенті Том Дональдсонның айтуынша, әрбір мұндай элемент кез келген функцияны атқара алады.

— Әрбір кодталған белгі мен әрбір «ақылды» элемент кез келген рөлге ие бола алады. Балалар бөлшектерді еркін үйлестіріп, өз әлемдерін жасайды. Минифигуралардың өзінде де код бар, олардың өзіндік сипаты бар және әрқайсысы бірегей, — деді ол.

Оның айтуынша, жаңалықтың басты ерекшелігі — шағын өлшем, сенсорлар мен интеллектуалдық мүмкіндіктердің бір платформа ретінде жұмыс істеуі. LEGO жоспарына сәйкес, балалар бұл элементті жүздеген түрлі тәсілмен қолдана алады.

Компания өкілдері құрылғы жаңа сымсыз жүйе арқылы оңай қуатталатынын атап өтті. Қуаттау құрылғысы жүйемен бірге сатылады. Нарықта 70 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан LEGO бұл жаңалықты классикалық конструктордың жаңа даму кезеңі ретінде бағалап отыр.

«Ақылды» элементтері бар алғашқы жинақтар Star Wars желісіндегі LEGO Star Wars топтамасы аясында наурыз айында сатылымға шығады. Алайда олардың бағасы стандартты жинақтарға қарағанда жоғары болады.

Атап айтқанда, «Дарт Вейдердің TIE жойғышы» жинағына 473 бөлшек, Дарт Вейдердің интерактивті минифигурасы, бір «ақылды» элемент және бір кодталған белгі кіреді. Бағасы — шамамен 70 еуро.

Ал X-Wing Red Five Люк жинағында 584 бөлшек, екі интерактивті минифигура, бір «ақылды» элемент және бес кодталған белгі бар. Жиынтықтың бағасы — шамамен 100 еуро.

Айта кетейік, LEGO киіз үй конструкторын шығаруы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар