Ілеспе жүк құжаттарын бір көлікке ғана рәсімдеу қажет пе

АСТАНА. KAZINFORM — Шекара арқылы кіретін немесе экспортқа шығатын ауыр және көлемі үлкен жабдықтарға ілеспе жүк құжаттарын рәсімдеу тәртібін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Байдос Байбозин тікелей эфир барысында түсіндірді.

Жүк көлігі
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Байдос Байбозинның сөзінше, кейбір салық төлеушілер бір тауарға ілеспе жүк құжаттарын бірнеше көлікке жасап келетін жағдай кездеседі. 

— Бұл дұрыс емес және заң бойынша жол берілмейді. Әрбір көлікке жеке ілеспе құжат рәсімделуі тиіс. Өйткені әр көлік жеке бақылаудан өтеді. Сонымен қатар бұл салық есептілігі мен бухгалтерлік есеп жүргізуге де ыңғайлы, — деді спикер.

Ол өз сөзінде сырты экономикалық қатысушылар тауарларға ілеспе жүк құжаттарын уақытында ұсынбау немесе қателіктер болуы (көлемі, бағасы дұрыс көрсетілмеу) ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұл салынуына әкеп соғады.

— Айыппұл көлемі қатысушылардың деңгейіне байланысты 5 айлық көрсеткіштен бастап 100 айлық көрсеткішке дейін болуы мүмкін. Жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылықтар да ескерілетін болады, — деді ол.

Сонымен қатар спикердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген тауарлар Қазақстанға ілеспе құжаттармен әкелінген және құжат мәртебесі рәсімделген болса, оны кері қайтаруға жол берілмейді. Дегенмен қателіктер туындаған жағдайда қосымша өзгерістер енгізуге болады. Сондай -ақ тауар көлік арқылы әкелінген болса, өзгерістерді 20 жұмыс күні ішінде жасауға болады. Басқа жолдармен әкелінген тауарларға бұл мерзім 10 жұмыс күні.

Еске сала кетейік, ветеринарлық ілеспе құжаттары жоқ 60 ірі қара малды ел аумағына кіргізуге тыйым салынды.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 сәуірінен ЕАЭО елдері тауарға ілеспе жүкқұжат рәсімдеуге міндеттелген еді.

Соңғы жаңалықтар