ЛГБТ контент баланың ішкі дүниесі мен жыныстық таңдауына әсер ете ме – психолог пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамда шетелдік «Базз Лайтер» анимациялық фильмін Қазақстанда көрсетуге қатысты пікір екіге бөлініп жатыр. Бірі қарсы болса, екіншісі қандай заңға сүйеніп тыйым салынғанын, таңдау еркіндігі қайда қалғанын сұрайды. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі кез келген контенттің, оның ішінде ЛГБТ контенті баланың дүниетанымы мен жыныстық таңдауына қалай әсер ететіні туралы психологтардың пікірін тыңдап көрген еді.
None
None

«Баланың дүниетанымына ол қарайтын контенттің бәрі әсер етеді. Осылайша, оның өз әлемі қалыптасады. Бала қарайтын контент неғұрлым әртүрлі болса, оның әлемді тануы да соғұрлым нақты болады. Ата-анаға жүктелетін жауапкершілік – бала қарайтын, тыңдайтын контенттің бірыңғай немесе шамадан тыс көп болмауын реттеу. Контенттің балаға жыныстық жағынан әсеріне тоқталсақ. Жыныстық таңдау адамға туа бітеді. Жаратылысқа қарсы шыға алмайсың. Тіпті, ЛГБТ мазмұнды контент те баланың ішкі дүниесі мен жыныстық таңдауын өзгерте алмайды», - деді психолог Қаламқас Қанапиева.

Маманның айтуынша, бала кез келген дүниеге қызыға қарайды, көргісі келеді, білгісі келеді. Ал, оған тыйым салудың кері әсері болуы мүмкін.

«Ешқандай мультфильм, оның үстіне 5-6 секундтық кадр баланың жыныстық таңдауын өзгерте алмайды. Мультфильмді прокаттан алып тастау – қорқыныш, үрейдің белгісі. Тыйым салудың кері әсері – балалар мен жасөспірімдер еркіндік іздеп кетеді. Нәтижесінде кім болады, не істейді, шешімді өздері қабылдайды», - дейді ол.

Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған екінші психолог мультфильмнің шетелдік екенін және олардың өз мәдениеті мен ұстанымы барын айтты.

«Адамдар хот-дог, чизбургер жейді. Бұл – шетелдің тамағы, оны жемеңдер деп тыйым салмайды ғой. Оның үстіне, фаст-фудтың зиянын бәріміз білеміз. Зиян екенін біле тұрып, оны балаларға береміз. Киімге қатысты да солай. Сондықтан, тыйым саламыз десек, ілік табылады. Әрине, біржыныстық қарым-қатынасты насихаттап, таратуға қарсымыз. Бірақ, ол туралы білуіміз де керек», - дейді маман.

Психологтың пікірінше, мультфильм режиссері аталған кадрды ЛГБТ-ны жарнамалау үшін емес, адамдардың хабары болсын деген мақсатта жоспарлы түрде енгізген болуы да мүмкін.

«Шынын айтқанда, мәселе күрделі. Себебі, жыныстық, оның ішінде біржыныстық қатынас мәселесін балаға айтқан дұрыс па, әлде мүлдем қозғамаған жөн бе? Бір жағынан, баланың біліп өскені дұрыс. Қазір естімесе, ертең естиді. Батыс елдерінде бұл мәселе шешілген, ашық айтылады және заңмен реттелген», - деді спикер.

Өз кезегімізде Қазақстанда «Базз Лайтер» анимациялық фильмін прокатқа шығаруға тыйым салуға қатысты Мәдениет және спорт министрлігінен ресми түсініктеме беруін сұрадық. Аталған ведомствоның баспасөз қызметі жауап беруге уәде етті.

Еске салсақ, кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қызу талқыға түскен «Базз Лайтер» анимациялық фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмейтінін мәлімдеген еді.






Фото: claudia.abril.com.br

Соңғы жаңалықтар