Ли Чжэ Мёң Оңтүстік Корея президенті ретінде ресми түрде қызметіне кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Ли Чжэ Мёң сәрсенбі күні Оңтүстік Корея президенті лауазымына ресми түрде кірісті, деп хабарлайды Yonhap.

Ол экономикаға жан бітіруге және ұлттық мүддеге негізделген прагматикалық сыртқы саясат жүргізуге уәде берді.
Ол өзінің бес жылдық мерзімін ауысу кезеңінсіз бастады. Бұл мерзім бұрынғы президент Юн Сок Ёльге импичмент жарияланып, ол биліктен шеттетілгеннен кейін өткен кезектен тыс сайлаудағы жеңісінің нәтижесі болды.
Ли Чжэ Мёң елді Юн Сок Ёльдің әскери төтенше жағдай енгізуге тырысуы, оған қатысты импичмент және кейінгі биліктен аластатылуы салдарынан туындаған саяси бөлінуден кейін біріктіруге уәде берді.
— Саяси күрестің құралына айналған қауіпсіздік пен бейбітшілікті қалпына келтіретін уақыт келді; немқұрайдылық, біліксіздік және жауапсыздық кесірінен зардап шеккен күнкөріс пен экономиканы қалпына келтіретін кез келді; танктер мен автоматтармен тапталған демократияны қайта жандандыратын шақ туды, — деді ол.
Экономика саласында Ли өсімді ынталандыру және жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштер сияқты озық технологияларды дамыту үшін «прагматикалық әрі нарыққа бағытталған» тәсілді ұстанатынын айтты.
Ал сыртқы саясатта Ли ұлттық мүддеге негізделген «прагматикалық» дипломатияның маңыздылығын атап өтті.
— Біз мызғымас корей-америкалық одақ негізінде Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония арасындағы ынтымақтастықты нығайтамыз және көршілес елдермен қарым-қатынасты прагматизм мен ұлттық мүдделерге сүйене отырып қалыптастырамыз, — деді ол.
Солтүстік Корея тарапынан төнетін қауіптерге сенімді түрде қарсы тұру қажеттігін атап өткен Ли, сонымен қатар Пхеньянмен диалогты қайта бастауға дайын екенін білдірді.
— Біз байланыс арналарын ашып, Корей түбегінде берік бейбітшілік орнату үшін Солтүстікпен диалог пен ынтымақтастыққа ұмтыламыз, — деді ол.
Президент әкімшілігінің хабарлауынша, ресми инаугурация рәсімі 17 шілдеде, Конституция күні өтеді.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда өткен президенттік сайлауда «Тобуро» Демократиялық партиясының атынан қатысқан Ли Чжэ Мён жеңіске жетті.