Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі қаралды.

Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты
Фото: видеодан алынды

Жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұратындықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін болды.

- Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жасар К.- ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс келіп түсті (ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2)тармағы). Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады, - делінген сот хабарламасында.

Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес жасөспірім созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген.

Ол мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді.

ҚК 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады.

- Сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды, - деп хабарлады соттан.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.

Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.

Қазір баланы пышақтаған жасөспірім психиатриялық стационарға орналастырылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев жасөспірімнің ортаға бейім жағдайда болғанын айтты.

Сондай-ақ кейін анықталғандай лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді жалғызбасты ана тәрбиелеп отыр.

Айта кетсек, елордада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы психикалық денсаулық орталығында ұлын ұрғаны туралы полицияға шағым түсірген еді.

Кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді ұрды деген фактіге қатысты түсінік берді.

Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі бір ай ішінде сотқа жіберілетінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар