Лифтінің жиі құлауы: Кәсіпкерлер палатасы мәселені шешудің жолын айтты
«Соңғы жылдары мемлекеттік реттеуді айтарлықтай қысқарттық. Енді бизнестің жауапкершілігін көтеру қажет деп есептейміз. Себебі, түптеп келгенде тұтынушы зардап шегуі мүмкін. Лифтілермен не болғанын қараңыздар. Реттеуді жеңілдеттік, лицензиялауды алып тастадық енді қазір лифт жеткізушілері еш реттелмеген. Ай сайын лифтке қатысты оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Яғни, бақылауды жіберіп алдық», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
ҰКП қатаң лицензиялауға қайта оралмай, жауапкершілікті көтерудің өзге жолдарын таңдауды ұсынды. Олардың бірі - электр желілері делдалдарының қызметін реттеу мысалы бойынша біліктілік талаптарын енгізу. Енді оларда диспетчерлік басқарма, жөндеу бригадасы және қызметкерлерінің белгілі бір біліктілігі болуы қажет.
«Осылайша, нарық біртіндеп қорғала бастайды. Лифт мәселесінде де осы жолмен жүре аламыз деп есептейміз. Немесе келесі қадам - өзін-өзі реттеу (...) Ең бастысы стандарттар жүйесін ұсынып отырмыз. Салалық ұйымдар мен бизнес, мемлекеттік органдар мен тұтынушылар әзірлейтін бұл стандарттар нормативтік актілердің негізі болуы тиіс. Яғни, лицензиялаудың орнына лифт орнатудың стандарттары болуы тиіс. ПИК немесе тапсырыс беруші құрылғының стандартқа қаншалықты сай екенін түсіне алады», - деп өз сөзін толықтырды Ұлттық палата өкілі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінде жатыр.
Сондай-ақ, Ұлттық палата адам өмірімен және денсаулығымен тікелей байланысты салалардағы құқық бұзушылыққа салынатын айыппұлды қатаңдатуды ұсынып отыр.
Еске сала кетсек, өткен аптада Астанадағы «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінде жетінші қабаттан лифт құлаған еді. Лифт бірінші және екінші қабаттардың арасында тұрып қалған және ішіндегі адамдар лифтте 50 минут отырған.
Қаңтар айында қостанайлық жасөспірім тоқтап қалған лифттен өз еркімен шықпақ болып, мерт болды.