Лига кубогы: «Елімай» жартылай финалға берілген екінші жолдамаға ие болды

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Лига кубогы турнирінің үшінші турында семейлік «Елімай» жартылай финалға берілген екінші жолдамаға ие болды.

футбол
Фото: Абай облыстық әкімдігі

Семейлік клуб өз алаңында «Атырауды» қабылдады. Бұл кездесуде жеңіске жеткен жағдайда олар жартылай финалға шығатын еді. 

С тобында сынға түскен командалар ойын басынан бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 63-минутуында семейлік клубтан Жан-Али Пайруз есеп ашты. Ал 85-минутта Шина пенальтиден мүлт кетпесе, 93-минутта Даниил Пенчиков қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Елімай» қарсыласын 3:0 еесбімен тізе бүктірді.

Аталған топтағы «Тұран» (Түркістан) мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуінде 2:2 есебі тіркелді.

Аталған топта жеті ұпаймен бірінші орын алған «Елімай» жартылай финалға шықты.

Айта кетсек, бұдан бұрын мұндай мүмкіндікке D тобынан елордалық «Астана» командасы ие болды. Ол үшінші турда сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Бұл топта «Каспий» өз алаңында «Жетісуды» 2:1 есебімен жеңді.

Енді 21 шілдеде А тобында «Ақжайық» (Орал) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайрат» (Алматы) мен «Тараз», В тобында «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана) кездеседі.

Соңғы жаңалықтар