Линда Яккарино X әлеуметтік желісінің бас директоры қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Линда Яккарино, X компаниясының бас директоры компаниядан кететінін хабарлады. 

Линда Яккарино X әлеуметтік желісінің бас директоры қызметінен кетті
Фото: Oxu.az

— Екі таңғажайып жылдан кейін мен X компаниясының бас директоры қызметінен кетуге шешім қабылдадым. Илон Маскпен оның X туралы көзқарасын алғаш рет талқылағанда, мен бұл компанияның өршіл миссиясын орындаудың бірегей мүмкіндігі екенін түсіндім. Мен оның сөз бостандығын қорғауға, компанияны түбегейлі өзгертуге және X қосымшасын барлығына арналған қосымшаға айналдыруға деген сенімі үшін өте ризамын, — деп жазды Яккарино X-те.

Яккарино отставкаға кету себебін айтқан жоқ.

Илон Маск Яккариноға X-тегі жұмысы үшін алғыс білдірді.

Линда Яккарино 2023 жылдың маусымында әлеуметтік желінің иесі Илон Масктың ұсынысымен X компаниясының бас директоры болып тағайындалды. Бұған дейін ол NBCUniversal медиакорпорациясының жарнамалық сату бөлімін басқарған. Маск X директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады және компаниядағы барлық дерлік шешімдерді қабылдайды. Илон Маск Twitter-ді сатып алғаннан кейін оның ребрендингін жасап, бірқатар жаңалықтарды енгізді. Яккарино Маскты жарнама берушілерден және пайдаланушылардан соңына дейін қорғады.

Еске сала кетейік, Маск «Америка» атты жаңа саяси партия құрылғанын жариялады. 

Соңғы жаңалықтар