Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Америка кубогында биыл Аргентина құрамасы чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды

Финалда Бразилия мен Аргентина құрамалары өзара күш сынасты. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі «Маракана» стадионында өткен кездесуде аргентиналық футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 22-минутта Анхель Ди Мария өзінің еншісіне жазды.

Айта кетерлігі, белгілі футболшы Лион е ль Месси өзінің мансабында тұңғыш рет Америка кубогының иегері атанып отыр. Ол бұған дейін аталған турнирде 2007, 2015, 2016 жылы күміс жүлдегер атанса, 2019 жылы қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ, ол турнир барысында 7 ойын өткізіп, 4 гол соғып және 5 нәтижелі пас шығарып берді.

Америка кубогы 13 маусым мен 11 шілде аралығында Бразилияда өткізілді.