Лиссабон орталығындағы апаттан қаза тапқандар саны 17-ге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Лиссабонда туристік фуникулерде болған апат салдарынан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы

Лиссабон орталығындағы апаттан қаза тапқандар саны 17-ге жетті
Фото: Анадолы

Бұл туралы қаланың азаматтық қорғау қызметінің басшысы Маргарида Кастру Мартинш мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгін таңертең ауруханада ауыр жараланған екі адам көз жұмған.

Қазіргі таңда тағы 19 адам ем қабылдап жатыр, олардың жетеуі ауыр жағдайда. Жараланғандардың жасы 24 пен 65 аралығында, ерлер де, әйелдер де бар. Қаза тапқандардың жеке басы әзірге анықталған жоқ.

Алдын ала деректерге сәйкес, апат арқанның босап кетуінен болған. Вагон рельстен шығып, бұрылыста қабырғаға соғылып, аударылып кеткен. Фуникулердің соңғы техникалық қызмет көрсетілуі 2024 жылы жасалған.

Қайғылы оқиға 3 қыркүйек күні жергілікті уақытпен 18:08-де Лиссабон орталығындағы әйгілі «Глория лифтінде» (Elevador da Glória) болған.

Португалия үкіметі бір күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады, ал Лиссабон мэриясы үш күндік қаралы күн белгіледі. Португалия халқына Түркияны қоса алғанда, көптеген ел қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.

1885 жылы ашылған «Глория» фуникулері Лиссабонның тарихи нысандарының бірі саналады. Ол екі вагоннан тұрады, әрқайсысына 42 жолаушы сияды. 275 метр жолды екі минутта жүріп өтеді. Жыл сайын шамамен үш миллион адам осы фуникулерді пайдаланады. 

Айта кетелік Мемлекет басшысы Португалия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Еске сала кетейік, Португалия билігі көптеген адам қаза тауып, жарақат алған «Глория» фуникулеріндегі апатқа байланысты ұлттық аза тұту жариялаған болатын.

3 қыркүйекте Лиссабондағы туристер арасында танымал «Глория» фуникулері рельстен шығып кеткен еді. Апаттан 15 адам мерт болып, 18 адам жарақат алды, соның ішінде бесеуінің жағдайы ауыр екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар