Лицензиялық турнирде боксшы Наталья Богданова жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 29 мамырда қазақстандық Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Қазақстандық боксшы турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде сербиялық Кристина Кулуховамен кездескен еді.
Тартысты өткен бәсекеде төрешілер шешімі бойынша 3:2 есебімен сербиялық боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Енді ел құрамасынан Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Анкушита Бороен кездессе, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) италиялық Джанлуилджи Малангамен рингке шығады.
Сондай-ақ, лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жектерінде Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жеңіске жетті.

Ал Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) АҚШ спортшысы Шэра Мэй Патрициоға есе жіберді.
Еліміздің ерлер құрамасы бұған дейін Олимпиаданың 6 жолдамасын жеңіп алды.
Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) бар.
Әйелдер құрамасында былтыр қазан айында Қытайда өткен Азиадада Карина Ибрагимова Олимпиада ойындарына бокстан алғашқы жолдамаға ие болды.