Литва дүкендері тауарды кері қайтаратындарға жаңа салық түрін енгізбекші
АСТАНА.KAZINFORM — Литва дүкендері тауарларды қайтару үшін салық енгізуді қарастырып отыр, бұл өзгерістер сатып алушылардың құқығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, деп жазды Белта.
Соңғы жылдары интернет арқылы сатып алынған тауарларды қайтару көлемі тез өсіп барады, деп атап көрсетеді басылымдар. Бұл Литвадағы кәсіпкерлер үшін елеулі қиындық тудырып отыр, сондықтан кейбір сауда орындары тауарларды қайтаруға салық енгізуді жоспарлап отыр.
Осы төлемді енгізудің мақсаты — импульсивті сатып алуларды азайту, кері логистикаға кететін шығынды төмендету және «үйде киіп көру» әдісін шектеу. Кейбір литвалық сатушылар бұл тәжірибені қазірдің өзінде қолдана бастаған.
Литваның Менеджмент және экономика университеті (ISM) сарапшысы Аушра Паукштите атап өткендей, егер 2019 жылы электрондық саудада сатып алынған әр 12 тауардың 1-і ғана қайтарылса, қазір әр 6-дан 1 тауар қайтарылады, ал арзан киім брендтерінде әр екінші тауар қайтарылады. Әлемде тауарларды қайтарудың жалпы құны триллион доллардан асты.
Паукштите сонымен қатар: «Сандар көрсеткендей, соңғы бес жыл ішінде тауарларды қайтарудың ең үлкен секірісі 2021 жылы болды. Пандемия бізге интернет-дүкендерде көп затты себетке салуды үйретті. Қазіргі таңда бірнеше модельді, бес түрлі түсті алып, оларды үйде көру — мүлде қалыпты жағдай. Киіп көру бөлмесі үйге көшіп келді» деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Литва үкіметі отставкаға кеткенін жазған едік.