20:02, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Литвада өтетін ЕҚЫҰ Парламентаралық Ассамблеясы жұмысына қазақстандық делегация өкілдері де қатысады
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев ақпанның 9-да Литва Республикасы Сеймінің төрағасы Арунас Валинскаспен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында ҚР елшісі Қазақстан мен Литва арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқандығына тоқталды. Сондай-ақ, ол парламентаралық қарым-қатынас пен Қазақстан және Литва парламенті арасындағы ынтымақтастық және достық тобы аясындағы өзара белсенді әрекеттерге баса мән берді. Жақын арада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға үштіктің бірлескен жұмыстары ауқымындағы саяси сындарлы сұхбаттары жандана түседі. Литва үшін 2009 жылы, қазақстандық делегация өкілдері де қатысқалы отырған, ЕҚЫҰ-ның Парламентаралық Ассамблеясын өткізу аса маңызды шара болып отыр.Қазақстандық дипломат еліміздегі экономикалық және саяси жағдайлар мен сыртқы саяси міндеттер және бастамалар жөнінде хабардар етті. Сондай-ақ Литва Республикасының тарихи 1000 жылдығы аталынып және Вильнюс Еуропаның мәдени астанасы атағын қабылдап алып жатқан мезгілде Ғ.Қойшыбаев та өз қызметін жемісті атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.