Литвада тәртіп сақшылары жалақының төмендігіне байланысты жаппай жұмыстан кетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Литваның бас полиция комиссары полиция департаментінің бюджеті дәлі қазіргі жағдайында қабылданатын болса, жүздеген полиция офицері жұмыстан кетуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды БЕЛТА.
Арунас Паулаускастың айтуынша, полицияда 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп жүргендер қызметінде қалатын болса, оларға қосымша сыйақы төленеді деп уәде берілген. Алайда бұған қосымша қаржы бөлінген жоқ.
-Меніңше, жаңа жылдан соң қосымша қаржыландыру көлемі дәлі қазіргі жобадағыдай болатын болса, қаңтар, ақпан, наурыз айлары аралығында полициядан 300-400-дей қызметкер кетуі мүмкін. Себебі олар қосымша қаржыландыру болады деген үмітпен жүр,-деді ол Литва Сеймінің ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс комитетінде келер жылдың бюджеті талқыланып жатқан кезде.
Пауласкас қазіргі таңда Литва полициясына 1,5 мың қызметкер жетпей жатқандығын айтты.
Ішкі істер органдарының өзге бөлімшелерінің өкілдері де жалақының төмендігі мен материалдық қамтамасыз ету мәселесіне риза емес. Олар жалақы елдегі орташа деңгейден төмен деп есептейді.
Өрт қорғанысы мен құтқару ісі департаментінің бастығы Ренато Пожела өрт сөндірушілердің орташа жалақысы елдегі орташа жалақыдан 100 еуроға төмен екенін айтты.
Ол өрт сөндірушілердің жалақысын ең құрығанда 100 еуроға көбейту үшін қосымша 12 млн еуро керек екенін, ал қазіргі таңда бұл соманың тек жартысын ғана бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
Департамент басшысы жалақының төмендігінен орган өкілдері қосымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін, сондықтан олар жұмысқа шаршап келетінін айтты.
-Тағы бір проблема инфрақұрылыммен байланысты. Біздің инфрақұрылымның 80 пайызы ескірген, оларды жаңарту керек,-деп қосты ол.
Осыған дейін Литва премьер-министрі жемқорлыққа қатысты даулы оқиғадан кейін отставкаға кеткені туралы жаздық.