Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі АҚШ-Франция бастамасына сәйкес жергілікті уақыт бойынша сағат 04:00–де енді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Al Nahar газетінің хабарлауынша, құжат БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің қолдауымен оңтүстік шекара бойынша Ливан армиясының бөлімдерін кезең-кезеңімен орналастыруды қарастырады. Өз кезегінде Израиль Оңтүстік Ливаннан әскерлерін біртіндеп (60 күнге дейінгі мерзімде) шығарады.
Республика премьер-министрі Наджиб Микати қол жеткізілген атысты тоқтату келісіміне қанағаттанатынын білдірді. Оның айтуынша, бұл келісім Ливан-Израиль шекарасындағы тұрақтылықты қайтарады. Ол үкіметтің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701 резолюциясын орындауға деген ұмтылысын және Біріккен Ұлттар ұйымы уақытша күштермен ынтымақтастықта Ливан армиясының елдің оңтүстігінде болуын күшейту ниетін растады.
Басылымның хабарлауынша, Ливан билігі ел аумағындағы заңсыз қарулы топтардың әрекетіне және оларға контрабанда арқылы қару-жарақ жеткізілуіне жол бермеуге міндеттеме алады. Қару мен оқ-дәрі шығарумен айналысатын барлық заңсыз нысандар жойылып, қару-жарақ қоры тәркіленеді.
Бұған дейін Хуситтер Йемен үкіметімен тұтқындарды алмасуға дайын екені хабарланды.