Ливан ЮНИСЕФ-тен 25 тонна медициналық көмек алды

АСТАНА.KAZINFORM — Ливан жексенбі күні БҰҰ Балалар қорынан (ЮНИСЕФ) 25 тонна медициналық көмек алды, деп жазады Синьхуа.

Түркиядағы жер сілкінісі/Гуманитарлық көмек
Фото: Kazinform

Бейруттағы Рафик Харири атындағы халықаралық әуежайында өткен қайырымдылық рәсіміне қатысқан Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирас Абъяд бұл көмекті «ауруханалар мен денсаулық сақтау секторындағы қиын жағдайға байланысты маңызды көмек» деп атады.

— Бұл біздің ауруханаларымыздың жұмысын жалғастырып, медициналық көмекке мұқтаж 1,2 миллион адамға көмегін тигізеді, — деді Фирас Абъяд.

ЮНИСЕФ-тің Ливандағы өкілі Эдуард Бейгбедер шара барысында дәрі-дәрмек көлемі 67 тоннаны құрайтынын, «бірнеше ауру түріне ұшыраған 700 мың адамға көмек көрсете алатынын» айтты.

Сондай-ақ жексенбі күні түстен кейін Ливан премьер-министрі Наджиб Микати сапармен келген БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Грандимен кездесіп, оны Ливандағы сириялық босқындар дағдарысын шешуге көмектесуге шақырды.

— Мыңдаған ливандық өз отанында босқынға айналды және Ливан бұдан былай сириялық босқындардың ауыртпалығын көтере алмайды, — деді Н.Микати өз кеңсесі таратқан мәлімдемеде.

Н.Микати бұл азапты тоқтатудың жалғыз шешімі — Израиль агрессиясын тоқтатып, 1701 резолюциясын орындау үшін дереу атысты тоқтату керектігін айтты.