Ливандағы жағдай: Франция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шұғыл жиналыс өткізуді сұрады

ливан
Фото: aa.com.tr

АСТАНА.KAZINFORM – Франция Израиль «Хезболлаға» қарсы операциясының басталғанын жариялағаннан кейін Ливандағы жағдайды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды сұрайды.

- Мен осы аптада Ливанға қатысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді сұрадым, - деді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында.

Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Сыртқы істер министрлігі «Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған шабуылдарына қатты алаңдаушылық білдірді».

Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Абу-Даби «мемлекеттік қатынастар мен егемендікті реттейтін заңдарды елемейтін зорлық-зомбылық, шиеленіс, ойластырылмаған әрекеттер мен реакцияларды қабылдамайды» деп атап көрсетілген.

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі Ливандағы оқиғаларды «үлкен алаңдаушылықпен» бақылап отырғанын айтып, барлық тараптарды барынша сабырлы болуға шақырды.

Эр-Рияд, сондай-ақ, халықаралық қауымдастық пен мүдделі тараптарды «өз рөлдерін ойнауға және аймақтағы барлық қақтығыстарды тоқтатуға жауапты көзқарас көрсетуге» шақырып, «Ливанның егемендігін құрметтеудің маңыздылығын» атап өтті.

Израиль дүйсенбі күні Ливандағы «Хезболла» қозғалысының нысандарына жаппай соққы бере бастады.

Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің елдегі әуе шабуылынан қаза тапқандар саны кем дегенде 492-ге жетіп, 1640-тан астамы жараланған. Қаза тапқандар арасында 35 бала мен 58 әйел бар.

Соңғы жаңалықтар
telegram