Silk Way Star мегажобасының финалынан тікелей эфир
АСТАНА. KAZINFORM - Jibek Joly телеарнасынан Азияның алғашқы вокалдық мегажобасы — Silk Way Star-дың финалдық шоуы трансляциясы басталды. Жоба көрсетілімі шамамен 1 млрд адамды қамтиды.
Жоба аудиториясы Бакуден Ұлан-Баторға дейінгі ұланғайыр аумақты қамтып отыр. Финал Әзербайжанның Space TV, Тәжікстанның «Сафина», Қырғызстанның «Музыка» және «Маданият», Моңғолияның UBS және «АИСТ Глобал», Өзбекстанның Zor TV және Грузияның Georgian Times арналарынан көрсетіледі.
Silk Way Star аймақ үшін теңдесі жоқ музыкалық байқауға айналды. Жоба бір сахнада Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея секілді 12 ел өнерпаздарының басын қосты.
Мегажоба финалында талантты әншілер Язмин Азиз (Малайзия), Мадинабону Адылова (Өзбекстан), Мишель Джозеф (Моңғолия), Автандил Абесламидзе (Грузия), ALEM (Қазақстан), Саро Геворгян (Армения), Чжан Хэ Суан (Қытай) өнер көрсетеді.
Жоба жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталады: 50% — қазылар алқасы және 50% онлайн көрермендердің дауыс беруі арқылы. Дауыс беру silkwaystar.org сайтында жүргізіледі.
Silk Way Star жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып отыр.