LIVE: Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстанға ресми сапары
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Сербия Президенті Александр Вучич Астанаға ресми сапармен келеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Мемлекеттер басшылары қазақ-серб қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылайды. Саяси диалогті одан әрі нығайту, сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне баса назар аударылады.
Астана мен Белград сауда-экономикалық салаларда нендей келісімге келуі мүмкін, алда қандай жобалар қолға алынуы ықтимал? Kazinform тілшісі екі ел арасындағы байланыстың маңызды тұстарына тоқталып көрді.
Айта кетсек, өткен жылы Мемлекет басшысы Сербия Президентімен телефон арқылы сөйлескен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич екіжақты ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалап, қазақ-серб қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Тараптар Қазақстан Президентінің 2024 жылғы қараша айында Белградқа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырудың, соның ішінде өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы бірлескен бастамаларды нақты іске асырудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.