Ливия армиясы Бас штабының бастығы мінген ұшақ Түркия аумағында апатқа ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM - Анкарадан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай бортында Ливия армиясы Бас штабының бастығы Мохаммед Али-Ахмед аль-Хаддад болған жеке ұшақ радардан жоғалып кеткен. Бұл туралы ВВС хабарлайды.
Түркияның NTV телеарнасының мәліметінше, Falcon маркалы ұшақ Анкарадан шамамен 70 шақырым оңтүстікте, Хаймана қаласы маңында радардан көрінбей, байланыс үзілген.
Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21.00 шамасында ұшақпен байланыс жоғалғанын растады. Оның айтуынша, әуе кемесінде аль-Хаддад пен тағы төрт адам болған, олар Анкарадан Триполиге бағыт алған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр, ресми органдар іздестіру-құтқару шараларын жүргізуде.
Айта кетейік, Ливияда мигранттар мінген қайықтар суға батып кетті.