Ливияда мигранттар мінген қайықтар суға батып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Ливия жағалауында екі қайықтың апатқа ұшырауы салдарынан кемінде төрт мигрант қаза тапты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Ливияның Қызыл Жарты Ай қоғамы таратқан мәліметке сәйкес, екі қайықта шамамен 95 адам болған.
Ливия Африканың түрлі елдерінен келетін мигранттар үшін Еуропаға Жерорта теңізі арқылы жетуге тырысатын негізгі транзиттік нүктелердің бірі болып қала береді. Жыл сайын ондаған мың адам осындай қауіпті жолға шығып, олардың жүздегені судағы апаттардан көз жұмады.
Халықаралық көші-қон ұйымының соңғы деректеріне қарағанда, Ливия аумағында 44 елден келген шамамен 867 мың мигрант тұрып жатыр.
Бұған дейін Малайзия билігі Таиланд шекарасына жақын маңда мигранттар мінген қайықтың аударылуы салдарынан 13 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Қайықта Мьянмадан шыққан заңсыз мигранттар болған. Олар бастапқыда 300 адамнан тұратын үлкен топпен бір кемеде қозғалып, Малайзияға жақындағанда бірнеше шағын қайыққа бөлініп мінген.