Ливияда мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, 18 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ливияның шығысындағы Тобрук қаласы маңында мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, кемінде 18 адам қаза тапты. Тағы 50 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Нигерияда қайық аударылды
Фото: Анадолы

Бұл туралы сейсенбі күні Халықаралық көші-қон ұйымы шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.

— Қазіргі уақытта 10 адамның аман қалғаны анықталды, — делінген ХКҰ мәлімдемесінде.

Оқыс оқиға өткен демалыс күндері Мысырмен шекаралас Тобрук қаласына жақын маңда болған. Құтқару операциясы әлі жалғасып жатыр.

Ұйым бұл қайғылы жағдайды «қауіпсіздік пен мүмкіндіктерді іздеп, адамдардың өміріне қауіп төндіретін сапарларға баруына мәжбүр болып отырғанын еске салатын ауыр трагедия» деп атады.

Халықаралық көші-қон ұйымы мәлімдеуінше, Ливия — мигранттар мен босқындар үшін негізгі транзиттік елдердің бірі болып отыр.

— Олардың көбісі қанау мен адам құқықтарының бұзылуына ұшырап, өміріне қауіп төндіретін сапарлармен бетпе-бет келеді, — деп атап өтті ведомство.

Ұйым осындай осал топтарды қорғау шараларын күшейтуге шақырды.

Бұдан бұрын 1 шілдеде Ливия жағалауында 1 миллион баррель мұнай тасымалдайтын Vilamoura танкерінде жарылыс болды. ҚР Энергетика министрлігі борттағы мұнайдың қазақстандық емес екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар