Ливияның батысындағы өнеркәсіптік аймақта қуатты жарылыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Ливия астанасы Триполиден шамамен 200 км шығыста орналасқан Мисурата қаласының өндірістік аймағына жақын Скират ауданында қуатты жарылыс болды, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл туралы Ливияның «Аль-Масар» телеарнасы хабарлады. Алайда жарылыстың нақты себебі туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Мисурата медициналық орталығының ресми өкілі Мұхаммед Әл-Нихум Ливияның «Аль-Ахрар» телеарнасына берген мәлімдемесінде, жарылыс салдарынан жеңіл және орташа деңгейде жарақат алған алты адамның ауруханаға жеткізілгенін айтты.
Жарылыстың салдарынан жанғыш снарядтар мен жарықшақтар жақын маңдағы тұрғын аудандарға шашырап түскен. Осыған байланысты билік аталған аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялауға шешім қабылдады. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері мен азаматтық қорғаныс бригадалары келген. Қауіпсіздік күштері оқиға орнына баратын жолдарды жауып тастады.
Бұдан бұрын Ливияда мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, 18 адам қаза тапқанын жазған едік.