Ілияс Сариевтің соты: күдікті науқас балалардың отбасынан миллиондар алған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайтын «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сәриевке және Ақтоты Дүйсееваға қатысты кезекті сот процесі өтті. 

Ілияс Сариев
Фото: instagram.com/qazaq_robin_hood

Бүгін сотта үш жәбірленушіге сөз берілді. Олардың бірі Айман Кенжетайқызы болды.


– 2025 жылғы 4 наурызда мен WhatsApp арқылы Сариевке 3 жасар қызым үшін қаражат жинауға көмек сұрап хабарластым. Ол дереу қоңырау шалып, баланы көргісі келетінін айтты да, бірнеше сағаттан кейін үйге келді. Жағдайды сұрап білді, мен қажетті соманы атадым. Ол қаражат жинауды ашатынын айтты. Содан кейін «мобилографтың қызметіне төлеу үшін» 100 мың теңге сұрады, бірақ жинауды тек 8 наурыздан кейін бастайтынын жеткізді. Біз келістік. Кейін мен оған бөліп-бөліп 750 мың теңге аудардым. Бұл – қызымның еміне адамдар жинаған ақша еді. 8 наурыздан кейін онымен байланысу қиынға соқты. Соңғы рет 29 наурызда сөйлестік, – деді ол.

Айман Кенжетайқызының айтуынша, ол ақшаны Сариевтің әйелі Шынардың, «інісі» деп таныстырған Нартайдың және тағы бір бейтаныс адамның есепшотына жіберген.

– Сариев менен тағы 120 мың теңге сұрады, оны «үйіне жөндеу жасаған құрылысшыға» деп айтты. Бірақ кейін ол адамның құрылысшы еместігі және Сариевтің оны да 1,5 млн теңгеге алдағаны анықталды. Сөйтіп, менің ақшам оның қарызын жабуға кеткен болып шықты. Ал Сариевтің әйелі бұл қаражатты екінші айыпталушы – Ақтоты Дүйсееваға аударғанын айтты, – деді жәбірленуші.

Сотта екінші сөйлеген жәбірленуші Венера Сұлтанқызы да ұқсас жағдай басынан өткенін баяндады.


– Әлеуметтік желіден Сариевтің адамдарға көмектесіп жүргенін көрдім. Қызым Гүзәл ауыр дертке шалдыққан, сондықтан Шелек ауылында қаражат жинауды аштым. 6 қаңтарда өзім онымен хабарластым. Ол «мобилографтың жұмысын төлесең, бір айда қажетті соманы жинап беремін» деді. 10 ақпанда 500 мың теңгені Диас есімді адамға аудардым. Кейін «тісім ауырып тұр», «басқа шаруаларым бар» деп түрлі сылтау айтты. Содан кейін Алматыға шақырды. Ол жерге мобилограф Диаспен бірге келді. Бірақ «видео шықпай қалды, ауылға қайта бару керек» деп жолға тағы 50 мың сұрады, – деді ол.

сот
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, Шелек ауылында видео түсірілген соң, Сариев әйелдерге гүл таратып, жәбірленушіге сенім ұялатқан.

– Барлығы 1 млн 430 мың теңге аудардым. Ол ауылдағы ақша жинауды тоқтатты. Бірақ жаңадан ақша жиналмады, видео да қолыма тимеді. Кейін Диас Сариев ақша бермегендіктен, видеоны қайтармаймын деді. Сонда ғана мен алданғанымды түсіндім. Кейін ақшаны тағы да Рауан және Нартай деген адамдарға аударғанымды білдім, – деді ол.

Оның сөзінше, ешқандай ресми келісімшарт болмаған, тек ауызша және мессенджер арқылы сөйлескен.

Тағы бір жәбірленуші Әмірова әлеуметтік желіден «MM Travel» туристік компаниясының бір күндік акциясын көргенін айтты. Онда Умраға 500 мың теңгеге жолдама ұсынылған.

– 21 ақпанда айыпталушы Ақтоты Дүйсееваға 100 мың теңге аудардым, ертесінде – 150 мың, ал 1 наурызда оның менеджеріне тағы 300 мың бердім. 6 наурызда Алматыға келдік, бірақ кеңсе жабық болып шықты. «Рейс кейінге қалдырылды» деді. Екі рет кейінге қалдырғаннан соң, мүлдем хабарсыз кетті, – деді ол.

Сот процесі 25 қыркүйекте жалғасады.

Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталды.

Кейін Алматы сотында «Елге көмек» қорына қатысты іс қарала бастады. Сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.

Ілияс Сәриев сотта кінәсін ішінара мойындады.

Соңғы жаңалықтар