Ломбардты тонағандар ұрланған заттарды бөлісе алмады

Себебі олар дереу құқық қорғаушылардың қолына түсті. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның хабарлауынша, мамырдың 10-ы күні Көкшетау қаласының полициясына ломбардты тонау туралы жедел ақпар түскен. Белгісіз біреу ломбардтың шыны витринасын сындырып, жалпы құны 4 млн теңгенің 135 алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында бұрын сотталған Көкшетау қаласының тұрғыны ұсталды. Белгілі болғандай, осы қылмысқа оны 25 жастағы танысы итермелеген. Ол ұйымдастырушы ретінде келісілген күні ломбардқа жақын жерде тұрып, оған кіріп-шығып жүрген адамдарды аңдыған. Ломбардттың ішінде ешкім қалмаған кезде өз сыбайласына хабар берген. Орындаушы ломбардқа кіргенде, оның ішінде тек сатушы қыз ғана болған екен. Оған қарамай, ол витринаны сындырып, алтын жүзіктер мен алқалар салынған 2 тартпаны алып кеткен. Оны сыбайластарына тапсырып, келесі күні бөлісеміз деп келіскен. Алайда сол күні полицияның қолына түсті.